ЖЫЛ БАСЫНАН БЕРІ АҚТӨБЕДЕ 474 ӨРТ ОҚИҒАСЫ ТІРКЕЛГЕН
10.12.2019 Жалпы

Өрттің алдын алу мақсатында Төтенше жағдайлар жөніндегі басқарма тұрғындар арасында түсіндіру жұмыстарын жүргізуде, деп хабарлайды қала әкімінің баспасөз қызметі.

Бүгін, 10 желтоқсан күні қала әкімі Мавр Абдуллиннің төрағалығымен аппарттық мәжіліс өтті. Жиын барысында қысқы мезгілде төтенше жағдайлардың алдын алу бойынша атқарылып жатқан жұмыстар туралы баяндалды.

Жыл басынан бері Ақтөбе қаласында 474 өрт оқиғасы тіркелген. Соның тең жартысы жеке тұрғын үйлер секторында болған. Сондықтан мамандар тұрғындар арасында түсіндіру жұмыстарын күшейтті. 14300 жадынама таратылды, әлеуметтік желіде 600-ге жуық материал жарияланды.

«Тұрғындардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін заң аясында алдын ала тексеріп, қадағалау керек. Өрт қауіпсіздігі ережелері бұлжытпай орындалуы тиіс», - деді шаһар басшысы Мавр Абдуллин.

Төтенше жағдайлар жөніндегі мамандар мен еріктілер мұқтаж отбасылардың үйлеріне барып, жағдайларымен танысқан. 210 дабылқаққыш орнатылып, 47 өрт сөндіргіш құралы таратылды.

Бұдан басқа, қысқы мезгілде жол қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында «Дәрмен» мобильді қосымшасын пайдаланған жөн. Тұрғындар осы қосымша көмегімен жолдардың жабық-ашықтығы туралы, ауа-райы, қар басқан учаскелер жайлы мәліметтерді алады.

«Сондықтан 112 нөмірінің хабарламаларына немқұрайлы қарамай, ерекше мән берген дұрыс», - деді Төтенше жағдайлар жөніндегі Басқарма басшысы Айбат Жаңабергенов.