ЗООҚОРҒАУШЫЛАРМЕН КЕЗДЕСУ
24.11.2020 Жалпы

Ақтөбе қаласының әкімі Асхат Шахаров зооқорғаушылармен, қоғамдық ұйымдар өкілдерімен ит-мысықтарды қорғау мәселесі бойынша (қаңғыбас иттерді аулау, стерилизациялау және т. б.) кездесу өткізді. Зооқорғаушылар иесіз үй жануарларын ұстайтын арнайы орын салу, оларды стерилизациялау мәселесін көтерді. Ұзақ уақыт бойы қалада иесіз ит-мысықтарға қатысты мәселе жабулы күйінде қалып келді. Арнайы қызметтер қаңғыбас ит-мысықтарды аулап, жоюмен ғана айналысады. Ветеринарлық клиникалар және уақытша ұстаумен айналысып жүрген волонтерлер барлық мәселені өз беттерімен шеше алмайтындықтарын айтты. Иесіз үй жануарлары көбейіп барады, мамандар шамамен 20 мың қаңғыбас ит бар дегенді айтып отыр. Бұның бір себебі ит-мысық асырайтын тұрғындардың жауапсыздығынан деуге болады. Олар үй жануарларын арнайы ветеринарлық клиникаларға стерилизациялауға апармайды, күшіктерін, мысықтарын далаға лақтырып тастайды. Қоғамдық ұйымдар өкілдері жан-жануарларға, қоршаған ортаға деген қамқорлықты қалыптастыру үшін мектепте тәрбие сағаттарын ұйымдасыру керек, үгіт-насихаттық жұмыстар жүргізілуі керек деген ұсыныс берді.
Кездесуде қоғамдық ұйымдар өкілдері, зооқорғаушылар тарапынан әртүрлі пікірлер айтылды. Қала әкімі бәрін де мұқият тыңдады. Қорытындысында барлық қатысушылар ит-мысықтарды стерилизациялау керек деген тоқтамға келді. Қазір қалада қаңғыбас үй жануарларына арналған арнайы орын құрылысын салу тиімсіз, онымен мәселе толық шешілмейді, иесіз ит-мысық азаймайды деді зооқорғаушылардың өздері. Себебі азық-түлік, дәрі-дәрмек, қаражат тек жануарларды ұстауға ғана емес, сонымен қатар қызметкерлердің жалақысына да қажет.
Сондай-ақ қала әкімі тұрғындар қажет болған жағдайда хабарласулары үшін ветеринарлық қызметтердің телефон номерлері мен мекенжайларын жариялау керектігін айтты.