ЖОЛ ЖӨНДЕУ ЖҰМЫСТАРЫНЫҢ САПАСЫ ЕРЕКШЕ БАҚЫЛАУДА
10.09.2020 Жалпы

Ақтөбеде жол жөндеу жұмыстарының атқарылу сапасына ерекше көңіл бөлініп жатыр. Сондай-ақ, өз міндетін дұрыс орындамай, салғырт қараған мердігерлердің кемшіліктерін түзету талабы да бақылауға алынды. Тұрғындардан түскен шағымдардың бірқатарының Ембі және Арынов көшелеріне қатысы бар. Қала әкімі Асхат Шахаров аталған көшелерге көшесіне барып, мердігерлерге жөндеп тапсыру мерзіміне қатысты талап қойды.

Ембі көшесі екі жыл бұрын жөнделді. Бірақ, төселген асфальт тесіліп, оны жасаған мердігер ұйым қайта жөндеп бермей, іс құзырлы органдардың қарауына берілді. Оны күтуге уақыт жоқ. Сондықтан, көшені жөндеу басқа мердігердің («Муканов и К» ЖШС) міндетіне берілді. Енді ол ұзындығы 1200 метрден астам, ені 7 метр болатын учаскені жөндеп беруге тиісті. Жұмыстар Күншуақ көшесінің қиылысынан Гастеллоға дейін жасалады. Жолдың негізі, асфальттің екі қабаты төселеді, шұңқырлар тегістеледі.

Арынов көшесін жөндеу - былтырдан биылға өткен жоба. Сельмаш көпірінен Пугачев көшесіне дейінгі бөліктің ұзындығы 1300 метр (мердігер — «Абай Б» ЖШС). Жоба бойынша 4 жолақты жол болады, суағар, жолдың екі қапталынан да тротуар салынады, жарықтандырылады, тал отырғызылады.

Айта кету керек, биыл жол құрылысы саласы бойынша қалада айтарлықтай ірі жобалар жасалып жатыр.

Жалпы алғанда биыл жүзден астам көшенің жолы жөнделу көзделген. Бұл мақсатқа 14 млрд теңгеге жуық қаражат қаралды. Барлық жұмыстар қара күзге дейін аяқталып бітуі тиіс.