Жасыл желекті күтіп ұстау және сақтау ережесі жасалуда

Жасыл желекті күтіп ұстау және сақтау ережесі жасалуда
13.11.2019 Жалпы

Ақтөбе қаласы әкімдігінің ұсынысымен мәскеулік мамандар қаланың жасыл белдеуін күтіп ұстауға қатысты ортақ ережені жасауға қатысып жатыр. Қазір қолда бар тал-теректі сақтап қалу үшін ағаштардың, көшеттердің есебін білу маңызды. Бұл тұрғыда Мәскеуден келген мамандар өз тәжірибелерімен бөліспек. Олар қазір Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік мемлекеттік университетіндегі биология кафедрасының студенттерін осы іске мамандандыруға кірісті. «Мен үшін қазақ мамандарымен әріптестік байланыс орнату үлкен мәртебе. Біз ақтөбелік әріптестерімізбен бірге студенттерді оқыту бағдарламасын жасадық. Жастар тал-теректі паспорттау процесіне тартылады. Олар тәжірибелік білім алады, мәскеулік студенттермен ғылыми байланыс орнатылады», — дейді Мәскеу педагогикалық мемлекеттік университетінің доценті Екатерина Черняева.

Ғалымның айтуынша, паспорттау қаланың жасыл белдеуінің эволюциялық өзгерісін бақылауға мүмкіндік береді. Яғни, цифрландыру жүйесі арқылы түгендеу жұмыстары талдардың өсуіне кері әсер ететін нақты факторларды ғылыми тұрғыда анықтап береді.

«Мәселен, онлайн карта талдар неғұрлым көп зардап шегетін қала бөліктерін көрсетеді. Бұл табиғаты төзімді талдарды егу мәселесін шешеді», — дейді Е.Черняева.

Айта кету керек, Ақтөбе қаласының әкімдігі жасыл қорды сақтау ережесін жасауды ұсынған болатын. «Мәскеуде мұндай ережелер бар. Сауатты, кәсіби тұрғыда жасалған. Дегенмен, жыл сайын ғылыми зерттеулер негізінде жаңалықтар енгізіліп отырады. Ережеде бәрі нақты көрсетіледі. Мәселен, ережеде бірнеше жылдан бері өсіп тұрған үлкен талға 150 литр, ал жас терекке 70 литр су кетеді деп нақты айтылады. Сондықтан, жасыл желекті суаруға қаржы бөлу кезінде ешқандай сұрақ туындамайды», — дейді мәскеулік ғалым.