Жаппай шаңғы тепті

Жаппай шаңғы тепті
13.02.2018 Мәдениет және спорт

Өткен сенбіде мыңнан астам ақтөбелік жаппай шаңғы тебуге қатысты.

Ақтөбе қалалық дене шынықтыру және спорт бөлімі ұйымдастырған жарыс облыстық қысқы спорт түрлері бойынша балалар мен жасөспірімдердің спорт мектебінің шаңғы базасында өтті.

Қалалық дене шынықтыру және спорт бөлімінің басшысы Евгений Гончаровтың айтуынша, жарыс қаламызда дәстүрлі түрде өткізіледі және жыл сайын қатысушылардың саны да көбейіп келеді.

Биыл өткізілген жарысқа әртүрлі жастағы ересектер мен спортшылар қатысты. Олардың қатарында оқушылар, студенттер, зейнеткерлер, кәсіпкерлер, коммуналдық қызметкерлер, отбасылық командалар және еңбек ұжымдарының құрамалары бар.

Шара Оңтүстік Кореядағы ХХІІІ Қысқы Олимпиада ойындарының басталуына арналды. Осылайша ақтөбеліктер қазақстандық спортшыларға өз қолдауларын білдірді.

Шарада қала әкімі Ілияс Испанов пен самбодан әлем чемпионы Райса Байлиева жарысқа қатысушыларға сәттілік тілеп, өз лебіздерін білдірді.

Ілияс Испанов ақтөбеліктерді салауатты өмір салтын ұстанып, спортпен шұғылдануға шақырып, қаладағы спортты дамытуға арналған жоспарлармен бөлісті.

Айта кету керек, облыс орталығында қысқы спорт түрлерін дамыту үшін «Олимп» хоккей модулі жұмыс жасауда. Сондай-ақ Мұз сарайының құрылысы басталды, облыстық балалар мен жасөспірімдердің спорт мектебіне жаңа корпус салынады, шаңғы-роллерлік тасжолын салу жоспарлануда.

Жарыста алғаш болып 50 метр қашықтыққа 6-8 жастағы қыз балалар шықса, одан кейін аталған жас санатындағы ер балалар өзара сынға түсті. Сондай-ақ қатысушылар 1 шақырымнан 5 шақырымға дейін қашықтықта жарысты.

Шара соңында жеңімпаздар медальдармен марапатталды.

Барлық сұрақтар бойынша akimat@akt.gov.kz хабарласыңыз.

Портал жұмысына қатысты сұрақтар бойынша admin@akt.gov.kz хабарласыңыз.