ТҰРҒЫНДАР ЖАҢҒЫРТУҒА РАЗЫ
29.05.2020 Жалпы

Бүгін Ақтөбе қаласының әкімі Асхат Шахаров «Адалдық алаңы» жобасы аясында қаладағы бірнеше нысанды аралап көрді. Алдымен Әбілқайыр хан даңғылындағы жаңғырту жұмыстары жасалған №11 және №13 үйлерге барды. Бес қабатты, 60 пәтерлі екі үй де 1963 жылы салынған және күрделі жөндеуді қажет етіп келді. Тұрғындарының үштен екі бөлігінің, яғни шамамен 40 пәтер иесінің келісімімен жөндеу, жаңғырту жұмыстары жасалды: көпқабатты үйдің жертөлесі, қасбеті, төбесі, подъездері жөнделді, жылу жүйесінің, суық және ыстық судың инженерлік желілері ретке келтірілді, екі үйдің электр сымдары толық ауыстырылды. Бұл жұмыстарға бірден қаражат табу тұрғындар үшін қиындық туғызған еді. Сондықтан, олар пәтер иелері кооперативімен кеңесіп, қайтарымды бюджеттік қаражат есебінен бірден ауқымды жұмыстардың атқарылуына тапсырыс берді. Жөндеу жұмыстарының жалпы сметалық құны әр үйге 37 млн теңгеге шықты. Бюджет қаражатын үй тұрғындары ай сайын төлеп қайтарады. Бағасы пәтердің ауданына байланысты. Шамамен пәтер иелері екі бөлмелі пәтер үшін 3600 теңге төлейді. «Жаңғырту жұмыстары жасалғаннан кейін жылуға коммуналдық төлемді әлдеқайда аз төлейтін болдық», —  деп тұрғындар ризашылықтарын білдірді.