Тазалық – денсаулық кепілі
28.07.2020 Жалпы

Ақтөбеде арбат, саябақ, гүлзарлар сияқты халық серуендейтін жерлер күн сайын жиналады. Мына суреттерде Арбатқа төселген брусчаткаларды жасы үлкен апалардың жуып жатқаны көрініп тұр. Ал түнде осы брусчаткаларға адамдар түкіріп, қақырып, апалар жуған аялдамаларға дәретке отырып бүлдіріп кетеді. Күн сайын таңертең ақтөбеліктер ластаған қаланы келесі кезекшілік қабылдап алады. Биыл қала әкімінің тапсырмасымен шаһардың тазалығына ерекше мән берілуде. «Самғау-2030» мердігер компаниясының жұмысшылары орталық көшелердегі тазалыққа жауапты. Олардың бір-бір жұмысшысы күн сайын кешкі сағат бестен бастап түнге дейін парктер мен скверлерде қоқысты жинап жүру үшін кезекшілікке қалады.

Құрметті ақтөбеліктер, көшеде кетіп бара жатып жерге түкіріп, қақыруды қойыңыздар! Оны жуып тазалайтын өздеріңіздің аналарыңыздай үлкен апалар, әкелеріңіздей ағалар, балаларыңыздай іні-қарындастар. Әр адамды өзінің бойында тазалық мәдениетін сақтауға, жастарды тазалыққа тәрбиелеуге шақырамыз.