ТАЛАП КҮШЕЙТІЛДІ
08.01.2020 Жалпы

Бүгін Ақтөбе қаласының әкімі Мавр Абдуллин қар тазарту жұмыстарымен танысып, бірқатар спорт мектептеріне барды. Ақтөбеліктер үшін биылғы қыс ырыздығын аямады, қар әлі де толассыз жауып тұр. Мамандардың мәліметінше, қар айлық нормадан көп түсті. Коммуналдық қызметтер қала жолдарын күні-түні тазалап жатыр. Әсіресе қоғамдық көліктердің бағыттары назарда. Дегенмен, ақтөбеліктер қала әкіміне әлеуметтік желілер арқылы қар аршу жұмыстарына қатысты арыз-шағымдарын, талап-тілектерін айтып жатыр. Мавр Абдуллин бүгін қар тазалау жұмыстарын өзі көрді. Коммуналдық қызметтердің жұмысын пысықтады. Техника негізінен қала жолдарын тазалағанымен, жол жиектері назардан тыс қалғаны байқалып тұр. Шаһар басшысы жаупты тұлғаларға ескерту беріп, жұмысты ыждағаттауды тапсырды. Бұдан соң қала әкімі Мавр Абдуллин спорт мектептерінің тынысымен танысты. Қызметке жақында тағайындалған дене шынықтыру және спорт бөлімінің басшысы Аманбай Нұрмұханбетов спорт мекемелерінің проблемалық мәселелерін айтты. Әуеқалашығы ауданындағы нөмірі 2-ші спорт мектебінің директоры Самат Жұмалишевтің айтуынша, мұнда "Ақтөбе" футбол командасының спортшысы Бағдат Каиров жаттыққан. "Осындай шағын спорт мектептерін дамыту керек. Мықты спортшылар осында тәрбиеленеді", - деді Самат Жұмалишев.

Бұдан соң қала әкімі 2015 жылы салынған Қарғалыдағы нөмірі 1-ші спорт мектебіне барды. Ғимаратта күреске, ойынға арналған залдар және тренажер залы бар. Секцияларда мыңнан астам бала спортпен шұғылданады.

"Менің бала кезімде бапкерлер өте қатаң болды. Олар әр балаға күш-қайратты тек жаттығу кезінде және жарыстарда ғана жөнімен падалану керек деп үйрететін. Егер баланың сабақ үлгерімі мен тәртібі нашар болса, спорт секциясынан қуылатын еді. Қазір де балаларға сондай қатаң талап қойылуы керек. Тәрбие білім беруден де маңыздырақ", - деді Мавр Абдуллин.

Ал нөмірі 4-ші спорт мектебінің тәрбиеленушілері бірнеше мәрте қысқы спорт түрлері бойынша ел чемпионы атанды. Қазір мектеп мамандандырылған мекеме мәртебесін алып отыр. Енді мектеп спортшылары халықаралық жарыстарға қатысуға толық құқылы. Алайда мектептің бес жылдан бері спорттық жабдықтары жаңартылмай келеді. Мәселен, 300 оқушыға тек 120 шаңғы ғана бар.

Бұдан соң қала әкімі Кірпіштідегі жылыту қазандығына да барып, жұмысын көрді.