САЯБАҚТАРҒА ТАМШЫЛАТЫП СУАРУ ЖҮЙЕСІ ЕНГІЗІЛЕДІ
14.04.2020 Жалпы

Ақтөбеде жасыл белдеу қалыптастыру қолға алынады.  Ол үшін қала әкімдігі қазір көктемде тал отырғызуға емес, егілген талдарды сақтап қалу үшін жаз бойы суару жұмыстарына күш салады. Ал жаңадан жас көшеттер отырғызу жұмыстары алдағы күзде жасалатын болады. 

Бұл туралы Ақтөбе қаласының әкімі Асхат Шахаров «Ақтөбе, дыши»  волонтерлік қозғалысының белсендісі Евгений Лазарчукпен кездесуінде айтты. Бұдан былай қала әкімдігі табиғат жанашырларымен бірлесіп жұмыс істеуге уағдаласты. «Ақтөбе жасыл қалаға айналуы тиіс. Ол үшін табиғаты қолайлы қала екені белгілі. Осы салада жұмыстанып жүрген сіздердей жандардың ұсыныс-тілектеріңізді тыңдауға, қолдауға дайынмын», — деді шаһар басшысы Асхат Берлешұлы. 

Қазір қаладағы саябақтарды сақтап қалу үшін тамшылатып суару әдісі арқылы суару жүйесін қалыптастыру жұмыстарына көңіл бөлінетін болады. Арнайы көлікпен ескіше су тасып әкелу бірте-бірте тоқтатылады. Ол үшін осы жүйе енгізілетін 10 орын әзірленеді. «Ең алдымен «Денсаулық» саябағы, «Авиатор» паркі сияқты суару жүйесі жоқ жерлер есепке алынады. Және кейін қосымша біз де, тұрғындар да тал егуге болатын орындарға суару жүйесін орнатқан дұрыс. Біз қазір әзірге суару жүйесі бар екі жерге «Шалқар» саябағына және «Жеңіс» аллеясына ғана жас көшеттер отырғызып жатырмыз. Жаз бойы сол бар жасыл желекті сақтап қалуға күш саламыз. Бұл — қала әкімі Асхат Шахаровтың ұсынысы. Осы салада көп жылдар жұмыстанып жүрген маман ретінде мұны дұрыс шешім деп білемін», — деді табиғат жанашыры Евгений Лазарчук.