Оңдасын Оразалин Ақтөбе қаласындағы атқарылып жатқан жұмыстармен танысты
03.09.2020 Жалпы

Аймақ басшысы  алдымен аумағы  1800 ш.м құрайтын  «Дорожников» скверіне жасалған абаттандыру  жұмыстарымен танысты. Мұнда түнгі шамдар ілініп,тротуар салынған, футбол алаңы жаңартылып, орындықтар қойылған. Скверде  үй жануарларын серуендетуге де  арналған орындар пайда болды.

Өңір басшысы  №23, № 68, №13 мектептерде жапсарлар салынып жатқан құрылыс жұмыстарын көрді. №23 мектепте құны 617,9 млн. тенгеге  3 қабатты  200 орындық, № 68 мектепте 299,9 млн. теңге қаржыға 150 орынға арналған 3 қабатты ғимарат және №13 мектепте  220 орынға  арналған 2 қабатты ғимарат салынуда. Ол үшін  290,5 млн тенге бөлінген.  Жыл сайын балалар санының артуына байланысты  білім ошақтарын кеңейту қажеттігі туындаған.

Сәңкібай батыр даңғылы мен Ряхов көшесінде жүргізіліп жатқан жол жөндеу жұмыстары да назардан тыс қалмады. Сәңкібай батыр даңғылында 3,3 км жолда жарықтандыру, веложолақтар, суағар салынады.

Сондай-ақ,  ұзындығы 1850 м болатын Ряхов көшесіндегі орташа жөндеу қазан айында аяқталады. Қала әкімдігі  ескі үйлердің  қасбеттерін әрлеу жұмыстарын қолға алған.

Шернияз көшесіндегі  6 көпқабатты тұрғын үйдің  сыртын жаңарту жұмыстары  “СНПС-Ақтөбемұнайгаз” АҚ-ның демеушілігімен жүзеге асуда. Облыс әкімі қала басшылығына  аула ішіндегі жолдарды  жөндеу  қажеттігін айтты.  

Оңдасын Оразалин Жас натуралистер станциясының тыныс-тіршілігімен танысты. Балаларға өсімдік, мал  шаруашылығы және экологияны сабақтан тыс үйретуге   бағытталған орталықта 630 бала білім алады. 3 бағыт бойынша 24 үйірме жұмыс істейді. Дендросаябақта 300-ден  астам   ағаш, 100-ге жуық түрлі жеміс ағаштары  бар. Сонымен қатар қоян, тасбақа, дала қыраны т.б жануарларды асырайды.  

Қала тұрғындарын  бағасы қолжетімді әлеуметтік маңызды азық-түлікпен қамту мақсатында   «HALYQ SAÝDA» шағын көтерме сауда орталығының  19 дүкені ашылды. Облыс әкімі жобаларды іске қосуды   онлайн-режимде бастап берді. Бұған дейін осы бағыттағы бір дүкен ашылған болатын. Халық сұранысына байланысты «HALYQ SAÝDA» шағын көтерме сауда орталығының  саны 20-ға жеткізілді. Өңір басшысы инвесторлар мен кәсіпкерлерге толық консалтингтік қызмет көрсететін фронт-кеңсенің қызметімен және корпорацияда жүзеге асырылып жатқан жаңа жобалармен танысты.   «Ақтөбе» ӘКК» АҚ басқарма төрағасы Ермек Имантаев әкімді дамудың алдағы 5 жылдық стартегиясына негізделген жаңа моделімен таныстырды. Корпорацияда инвесторларды тарту мен сүйемелдеудің кешенді жұмыстары жүргізіліп жатыр.  Бүгінгі таңда жобалар портфелінде жалпы құны 124,4 млрд теңге болатын 88 жоба  бар.
Облыс әкімі Оңдасын Оразалин  қала әкімі Ashat Shaharov -қа   қаланы абаттандыруға,жол жөндеу жұмыстарын  жеделдетуге қатысты бірқатар тапсырмалар берді.