Облыс және қала басшылары қаладағы жаңа әлеуметтік нысандарды аралады

Облыс және қала басшылары қаладағы жаңа әлеуметтік нысандарды аралады
05.01.2019 Жалпы

5 қаңтар, сенбі күні облыс әкімі Бердібек Сапарбаев, қала әкімі Ілияс Испанов Ақтөбе қаласының жаңа әлеуметтік нысандарын қызмет бабымен аралады.

Украинка ауылында өңір басшысы 300 оқушыға арналған жалпы білім беретін мектептің құрылыс барысын тексерді. Оқу орнының екі қабатты ғимараты балалардың оқу мен демалысқа, сонымен қатар, мәдени және спорттық білімге деген қажеттілігін ескере отыра жобаланған. Мектепте асхана, спорт және акт залдары бар. Ерекше білім беруді қажет ететін балалар үшін жеделсаты мен автоматтандырылған пандус қарастырылған. Бүгінгі күні құрылыс-монтаждау жұмыстары аяқталып, коммуникациялар жүргізілген. Нысан 2019 жылғы ақпан айының соңында пайдалануға беріледі деп жоспарланып отыр.

Білім беру басқармасының мәліметі бойынша осы жылы облыста 11 мектептің құрылысы аяқталып, тағы алты жаңа мектеп, соның ішінде Ақтөбе қаласында, Темір, Қарғалы және Шалқар аудандарында тұрғызылмақ.

Жалпы, Елбасы тапсырмасына сәйкес өңірдегі үш ауысымдық және апатты жағдайдағы мектептердің мәселесін 2020 жылға қарай шешу жоспарлануда.