«НҰРЛЫ ЖЕР» БАҒДАРЛАМАСЫ АЯСЫНДА ПӘТЕР КІЛТТЕРІ ТАБЫСТАЛДЫ

«НҰРЛЫ ЖЕР» БАҒДАРЛАМАСЫ АЯСЫНДА ПӘТЕР КІЛТТЕРІ ТАБЫСТАЛДЫ
01.12.2019 Мемлекеттік қызметтер

ҚР Тұңғыш Президенті күні Ақтөбеде денсаулық сақтау саласы мен білім саласы қызметкерлеріне баспана кілттері табысталды. Бұл шара «Нұрлы жер» тұрғын үй құрылысы мемлекеттік бағдарламасы мен "Қазақстанның Ипотекалық Компаниясы "ИҰ" АҚ мен министрліктер арасындағы 2019 жылдың маусым айында қол қойылған меморандум аясында ұйымдастырылды.

Оған Ақтөбе қаласының әкімі Мавр Абдуллин, "Қазақстан Ипотекалық Компаниясы" ИҰ АҚ Басқарма Төрағасы Әділ Мұхамеджанов, ҚР Білім және ғылым министрлігінің жауапты хатшысы Қанат Сәрсенбаев қатысты.  «Қарғалы» тұрғын үй массивінде 200 үй, 1,2 корпус мекен-жайы бойынша орналасқан жалпы ауданы 1 579 шарты метрді құрайтын 40 пәтер берілді.

Оның 17-і М. Оспанов атындағы Батыс Қазақстан медицина университетінің қызметкерлеріне, 23 пәтер Қ. Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік мемлекеттік университетінің қызметкерлеріне берілді. 

Қала әкімі Мавр Абдуллин жаңа қоныс иелерін құттықтап, халықты баспанамен қамту мемлекеттік бағдарламалар аясында жалғаса беретінін атап өтті.  

«Елімізде жүзеге асырылып жатқан «Нұрлы жер» мемлекеттік бағдарламасының игілігін ақтөбеліктер де көріп келеді. Осы және «Бақытты отбасы» бағдарламасы аясында баспаналар беріліп жатқанына қала халқы куә. Қазір Ақтөбе алып құрылыстар алаңына айналды. Бүгінгі күні қалада 60-тан астам тұрғын үй салынуда. Оның ішінде мемлекеттік баспаналар, коммерциялық үйлер бар. Біз жалпы Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша халықтың әл-ауқатын көтеру үшін алған міндеттемелерімізді орындауға жұмыстанып отырмыз», — деді қала әкімі М.Абдуллин.   

"Қазақстанның Ипотекалық Компаниясы" ИҰ АҚ Басқарма Төрағасы Әділ Мұхамеджановтың айтуынша, педагогтар мен медицина саласы қызметкерлері үшін сатып алу құқығымен жалға берілетін тұрғын үйді қаржыландыруға компания шамамен 40 млрд теңге бағыттайтын болады. 2020 жылдың бірінші жартыжылдығында Нұр-сұлтан, Алматы және Қарағанды қалаларында пәтерлерді бөлу жоспарланған.