Науқастарға тегін ыстық тамақ пен шұбат берілді
18.07.2020 Жалпы

Ауырып жатқан науқастарға және науқастарға қызмет етіп жатқан дәрігерлерге ыстық тағам, жеміс-жидек пен шұбат жеткізілді.

Алматы ауданы әкімдігі бастамасымен және «Green Land» демалыс кешені, «Три медведя» кафесінің басшылары және облыстық мәслихат депутаты Асқар Садықов қолдауымен «Ақтөбе облыстық балалар сүйек-өкпе туберкулезінің «Шағала» санаториясында» індетпен күресіп жатқандарға қайырымдылық көмек көрсетілді.

«Осындай қиын сәттерде ел болып бір жұдырықтай жұмылып, бірлігімізді көрсетуіміз керек. Бүгінгі күннің қаһармандары — дәрігерлер мен медбикелер. Сондықтан олардың қолдау мен демеуге лайық екеніне ешкімнің күмәні жоқ. Алдағы уақытта қайырымдылық шаралар жалғаса береді», — деді Алматы ауданы әкімінің орынбасары Рүстем Өтешов.

Сондай-ақ, Ақтөбе қалалық қоғамдық кеңесінің төрағасы Абай Сақтағанов ем алып жатқан науқастарға  шұбат жеткізді. Ал «Алматы» базары жеміс-жидектермен қамтамасыз етті.

Еске сала  кетейік, Төтенше жағдай уақытында «Алматы» ауданының кәсіпкерлері мен еріктілерінің қолдауымен 11,1 млн. теңгеге 605 отбасыға көмек көрсетілді.

Алматы ауданы әкімдігі бұған дейін де «Біз біргеміз» акциясы аясында індетке қарсы күресуге демеушілік көрсеткен кәсіпкерлерге алғысын білдіреді.