МЕМОРАНДУМҒА ҚОЛ ҚОЙЫЛДЫ
25.12.2020 Экономика және кәсіпкерлік

Ақтөбе қаласының әкімдігі ірі бөлшек сауда кәсіпорындары  (гипер-, супермаркеттер), азық-түлік сауда базарлары және жергілікті тауар өндірушілерімен  негізгі азық-түлік тауарларына бағаны тұрақтандыру жөнінде меморандумға қол қойды.
Келісімнің мақсаты – әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларына бағаны тұрақтандыру, қала тұрғындарын қол жетімді, әрі сапалы азық-түлікпен қамтамасыз етуде өзара келісім механизмін орнату және де жергілікті тауар өндірушілерге қолдау көрсету.
«Биыл біз бизнес саласының әлеуметтік жауапкершілігін жақсы сезіндік. Сіздер, кәсіпкерлер карантин уақытында өмірдің қиын жағдайында қалған қала тұрғындарына азық-түлік және басқа да материалдық көмек көрсеттіңіздер. Тұрғындарды қолдау туралы біздің өтінішімізге немқұрайлы қарамайсыздар. Ол үшін ризашылығымды білдіремін. Бизнеске де карантиндік шаралардың салдары оңай соғып жатпағанын білемін. Біра, биыл, өздеріңізге белгілі, халқымыз пандемияға байланысты күрделі кезеңді бастан кешіп жатыр. Дәл осы уақытта азық-түліктің бағасын қымбаттатқан дұрыс болмайтынын ескеріңдер. Барлықтарыңыз осы қалада кәсіп ашып, жұмыс жасап отырсыздар. Ал қаланың тұрғындары сіздердің тұтынушыларыңыз. Олардың әлеуметтік жағдайына біз ғана емес, сіздер де жауапкершілікпен қарайды деп сенемін», — деді қала әкімі Асхат Шахаров. 
Меморандум шеңберінде ірі сауда желілері («Анвар», «Сапамаркет») әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларына 5% аспайтын үстемақы қосумен шектеледі (бұрын 10-15% болатын).
Жергілікті тауар өндірушілер («Жаңа-Әлжан диірмен комбинаты» ЖШС, «Ақтөбе-нан» ЖШС, «Рамазан» ЖШС, «Атамекен-нан» ЖШС, «Наным» ЖШС, «Айс плюс» ЖШС, «Агрофирма «Тау» ЖШС, «Актобе Фудс» ЖШС, «АДМ Инвестмент» ЖШС, жылыжай қожалықтары және т.б.) Ақтөбе қаласының ішкі нарығын өз өнімдерімен қамтамасыз ету, сондай-ақ белгіленген сауда үстемесінен артық қоспау туралы уәде берді.
Азық-түлік сауда базарлары («Орталық базар», «Алтай», «Ануар», «Арай», «Аида», «Табыс» коммуналдық базары, «АгроОптСервис» ЖШС және «Алматы» көтерме базарлары) сауда орындарын жалға алып отырғандарға жалға беру бағасын негізсіз көтермеуге, бірінші кезекте Ақтөбе облысының тауар өндірушілеріне сауда орындарын ұсынуға міндеттенді. 
Бүгінгі таңда «Анвар» және «Дина»  сауда желілерімен келісім аясында  әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының 19 түріне 1 желтоқсаннан 15 қаңтар аралығында  бағаны бекіту акциясы жүзеге асып жатыр.