
Кеше белсенді жастар қала әкімі Мавр Абдуллинмен кездесті, деп хабарлайды қала әкімінің баспасөз қызметі.
«Солнечный» демалыс орталығында білім беру, мәдениет, спорт саласында ерекшеленіп, көзге түскен 30-ға жуық жастар жиналды. Бейресми кездесуде жастар қала басшысымен пікір алмасты.
«Халықаралық жастар күні қарсаңында мен арнайы сіздермен пікір алмасу үшін кездесіп отырмын. Әр ата-ана, әр мемлекет жастарға үлкен үміт артады»-деді қала әкімі Мавр Абдуллин.
Жастар даму жолындағы өз ұсыныстары мен көзқарастарын білдірді. Санк-Петербург қаласында жоғары білім алып жатқан 2 курс студенті Лаура Ануарова 10-11 сынып оқушыларына арналған оқыту тренингтерін жүргізуді ұсынды.
«Көп жағдайда мектеп оқушылары қандай пән таңдау қажеттігін білмей жатады. Барлығы тек грант алуға талпынады. Мысалы, Ресейде 10-11 сынып оқушыларын емтиханға дайындап, бағыттайтын арнайы бағдарламалар бар. Сонымен қатар сенің үлгеріміңе қарамастан, мұғалімдер оқушыны оқытып, үйретуге дайын", - дейді жас Ақтөбелік жерлесіміз.
Іс-шара барысында жастарға арналған тимбилдинг, дәрістік сабақтар өткізілді. Сондай-ақ, қала әкімі аймақтағы мемлекеттік жастар саясатын дамытуға үлесін қосқан 15 адамға алғыс хат табыстады.
Айта кетейік, қалада 14-29 жас аралығындағы 115 мыңға жуық жас тұрады.