Қоқыс сұрыпталатын болады
13.11.2020 Жалпы

Ақтөбе қаласының әкімі Асхат Шахаров Экология министрлігінің Zoom форматында ұйымдастырған жиынына қатысты.  «Қатты тұрмыстық қалдықтарды басқарудың заманауи моделі және қайта өңдеу саласындағы бизнес үшін қосымша мүмкіндіктер» тақырыбында өткен онлайн-жиналысқа министрлік өкілдері, Өскемен және Семей қаласының әкімдері, экологтардың республикалық бірлестіктерінің өкілдері қатысты. Бүгінгі таңда «Оператор РОП» ЖШС Қазақстан қалалары үшін қатты тұрмыстық қалдықтарды бөлек жинау және сұрыптау бағдарламасын ұсынып отыр. Бұл бағдарлама жүзеге асқан кезде Ақтөбе қаласында 1443 евроконтейнер және 6 арнайы көлік алынады. Бұл дегеніміз шыны, пластик және қағаз қоқыстарды бөліп тастауға мүмкіндік жасайтын арнайы контейнерлер орнатылатынын білдіреді.
Бүгінгі күні Ақтөбе қаласының аумағында «NEO PLUS» ЖШС, «Ақжол ЛТД» ЖШС, «Таза Қарғалы» ЖК қоқыс тасумен айналысады. Барлығы 481 контейнерлер алаңында 3500 металл контейнер орнатылған. 48 арнайы техника қоқыс тасуға жұмылдырылған. Қоқысты шығарғаны үшін тұрғындардың уақытылы төлемеуі үлкен мәселе туғызып отыр. Бүгінгі күні тұрғындардың қоқыс тасушы ұйымдар алдындағы жалпы дебиторлық бережағы 167,0 млн теңгеден асты. Сонымен қатар, тұрғындар контейнерлер алаңына негабаритный мусорды, құрылыс материалдарының қалдықтарын, ескі жиһаздарды, кесілген ағаштарды лақтырып тастап кетеді. Ал «Оператор РОП» ЖШС келесі жылдан бастап Қазақстанның үш қаласына ұсынып отырған қатты тұрмыстық қалдықтарды сұрыптап бөлек жинайтын контейнерлерді орнату бағдарламасы тұрғындардың жауапкершілігін арттыруға ықпал етеді.  
Жобаны сәтті жүзеге асыру жаңа жұмыс орындарын ашуға, қатты тұрмыстық қалдықтарды тасу жұмысын жаңғыртуға мүмкіндік береді. Бұл өз кезегінде қаланың жалпы экологиялық ахуалына және абаттандырылуына оң әсер береді.