ҚИЫНДЫҚҚА ТАП БОЛҒАНДАРҒА ҚОЛДАУ БАР
08.02.2020 Жалпы

Тағдыры қиындыққа тап болған жандарды қамқорлыққа алып, қолдау көрсету — парызымыз. Бүгін қаладағы дағдарыс орталығына барған шаһар басшысы Мавр Абдуллин осылай деді.

Қала әкімі орталық жұмысымен танысты. Қазір мұнда күрделі жағдайға тап болып, барар жері, басар тауы қалмаған 12 адам бала-шағасымен паналап отыр. Көбінесе отбасында жолдасынан зәбір көрген әйелдер, қиын-қыстау жағдайда үйсіз-күйсіз, құжатсыз қалған адамдар көмек сұрап келеді. Оларға орталықта 6 ай тұруға мүмкіндік беріледі. Осы уақыт ішінде жұмысқа орналасуға, басқа да жағдайын реттеп алуға мемлекет тарапынан қолдау көрсетіледі.

Жалпы осы орталықты ашылғалы бері 148 адам, оның ішінде 64 әйел паналаған. 27-сінің құжаты жасалып, 29 адам жұмысқа орналастырылды. 39 әйел отбасымен қайта қауышып, 2 адам пәтер алды. Мұндай қолдау шаралары алда да жалғаса бермек.