ҚАЛА ТАЗАЛЫҒЫН БҰЗҒАНДАРҒА АЙЫППҰЛ САЛЫНАДЫ
21.07.2020 Жалпы

Наурыз айынан бері екі компания - «NEO PLUS»  және «АКЖОЛ ЛТД» ЖШС қалада қатты тұрмыстық қалдықтарды шығарумен айналысады. Соңғы аптада екі компанияның індетке байланысты жұмысшылары ауырып кедергілерге тап болды. Сондықтан,қоқыс кестеге сәйкес шығарылмай мәселе туындады. Жағдайды қалпына келтіру үшін қала әкімі шұғыл шешім қабылдап,күні-түні қаланы қоқыстан тазалауға күш салғызуда. Өткен түні  5 бригада қоқыс шығаруға кірісіп кетті.

Сондайқ-ақ, шаһардың санитарлық жағдайын жақсару мақсатында қала әкімінің тапсырмасымен учаскелік инспекторлар тазалыққа нұқсан келтіріп, құқық бұзған 47 адамды әкімшілік жауапкершілікке тартып, 416 700 теңге айыппұл салды. Бұл бағыттағы жұмыс үнемі бақылауда болады.

«Қоқыс шығарушы компанияларға қосымша көмектесіп, қаланы тез арада тазалауымыз керек. Қазір біз бұл жұмысқа үшінші компанияны тартып жатырмыз, Ол қаланың айналасындағы елдімекендерді қоқыстан арылтады. Қаланы әбден тазалап алған соң, айналаны ластап жүретіндерге айыппұл салып, тәртіпке шақыратын шараларды күшейтеміз. Адамдардың санасына өзін қоршаған ортаны ластамауды сіңіруіміз керек», — деді Асхат Шахаров.

Қымбатты ақтөбеліктер!
Қарапайым еңбек адамдарының жұмысын бағалап, құрметпен қарайық, тазалық сақтайық. Ескі жиһаздарды, құрылыс материалдарының қалдықтарын, дүкеннен босаған қораптарды, кесілген ағаштарды, ауласын сыпырғаннан шыққан қоқысты тұрғындар қала сыртындағы полигонға өздері апарып тапсырулары керек.