ҚАЛА ӘКІМІМЕН АШЫҚ ӘҢГІМЕ
11.02.2020 Жалпы

Шаһар басшысы Мавр Абдуллин азаматтарды жеке сұрақтарымен қабылдауды жалғастыруда.

Бүгін, 11 ақпан күні Халықтық кеңседе өткен қоғамдық қабылдауда Мавр Ерғалиұлы алдына келген әр адамның жеке мәселесін жете тыңдады.
Әдеттегідей пәтер сұрап келген жандар қатары көп болды. Сондай-ақ, жер қатынастары, білім және денсаулық салаларына байланысты сұрақтар да қойылды.

Қоғамдық қабылдауға тағдыры әрқилы, соған сай мәселесі де әртүрлі жандар келді. Мәселен, 5 бойжеткен қызы бар әйел әкімнен несиесін өтеп беруді сұрады. Ол шағын несие ұйымынан 10 мың теңге қарыз алған. «Уақытылы несиені өтей алмай қалдым. Енді берешегім 200 мың теңгеге жетті. Оқытып-тоқытып, мамандық алып бердім, адам қатарына қостым десем де, сол қыздарыма салмақ салғым келмейді», — дейді әйел.

Ал батыр ұл Темірбек Жақсылықбаевтың анасы баласының құрметіне Ақтөбенің кез келген бір көшесін атауды өтінді. Ол Қазақстан полициясына адал қызмет еткен ұлының есімі ұрпақтар жадынан өшіп қалады ма деген қорқынышын жеткізді. Еске салсақ, полиция қызметкері Темірбек Жақсылықбаев 2012 жылы Кірпішті елдімекенінің тұсында такси жүргізушісіне шабуыл жасағандардың ізіне түскен сәтте қылмыскерлердің қолынан қаза болған еді.