ҚАЛА ӘКІМІ ТҰРҒЫНДАРДЫҢ ӨТІНІШ-ТІЛЕКТЕРІН ТЫҢДАДЫ
08.02.2020 Жалпы

Қала әкімі Мавр Абдуллин халық алдындағы есеп беру кездесуінде тұрғындар тарапынан түскен сұрақтарға байланысты бүгін бірқатар нысандарды аралап көрді.

Шаһар басшысы алдымен Сәңкібай батыр даңғылына барды. Бұл жерде тұрғындар даңғылдың 6 жолақты болуына қарсы. Еске салсақ, алдағы үш жылға қала жолдарының қалыпқа келтірілуі жоспарланған жобалардың біріне сәйкес, Сәңкібай батыр даңғылын 6 жолақты етіп кеңейту мәселесі қозғалған болатын. Бірақ, бұл жобамен Сәңкібай батыр даңғылының тұрғындары келіспей отыр. Себеп біреу — жол жөндеу жұмыстары басталса, көше шаңға батады, арнайы техниканың дыбысы күні-түні маза бермейді. Бүгін Сәңкібай батыр даңғылына өздерімен кеңесуге келген Мавр Ерғалиұлына тұрғындар осындай уәждерін алға тартты.

«Бұл әзірге жоба ғана. Біз бүгін асфальтті бұзып, сіздердің қарсылықтарыңызға қарамай, жолды кеңейтіп тастайын деп отырғанымыз жоқ. Жалпы, жыл санап халқының саны, соған сай автокөлік саны өсіп келе жатқан шаһардың жолдарында кептеліс көп. Мұны жол айырықтарын салу, көлік ағыны көп негізгі жолдарды кеңейту арқылы шешудің реттерін қарастырып жатырмыз. Сіздердің ұсыныстарыңыз да қаралады», — деді қала әкімі М.Абдуллин.

Тоғыз жолдың торабында тұрған қаланың кіреберісіндегі Сәңкібай батыр даңғылында көлік нөпірі көп екені рас. Дегенмен, тұрғындардың өтінішін ескерген қала әкімі Батыс-2 шағын ауданы арқылы тоғысатын жолдардың ретін зерделеу жұмыстарын мамандарға тапсырды.

Ал Заречный – 2 елдімекенінің тұрғындары орталықтандырылған ауыз су құбырын тартып беруді сұрады. Тұрғындармен барып жүздескен қала әкімі Мавр Абдуллин олардың барлық талап-тілектеріне құлақ түрді.

Бұл елдімекенге су әкелуге қатысты жобалық-сметалық құжаттама жасалуда. Мұнда 14 көппәтерлі, 33 жеке үй бар. Жоба мақұлданған жағдайда 370 адамды сумен қамтитын 2600 метр су желісі тартылуы тиіс.

Өздерімен кездесуге келген қала әкіміне тұрғындар өзге де мәселелерін жеткізді. Оның бірі – балалардың ойын алаңы.  Шаһар басшысы егер ойын алаңын жасақтауды көрші-көлем болып, тұрғындар өздері қолға алса, міндетті түрде қолдау болатынын айтты.