Қала әкімі Мавр Абдуллин: Зағиптарға арналған жаңа ғимарат іздестіріліп жатыр

Қала әкімі Мавр Абдуллин: Зағиптарға арналған жаңа ғимарат іздестіріліп жатыр
01.08.2019 Жалпы

Бүгін шаһар басшысы Мавр Абдуллин зағип азаматтармен екінші рет кездесті. Одан басқа, кездесуге облыстық жұмыспен қамтуды және әлеуметтік бағдарламаларды үйлестіру басқармасының басшысы Ербол Данағұлов және облыстық мәдениет, архив және құжаттама басқармасының жетекшісі Нұрхан Қадырбаев қатысты. 

«Өткен кездесуде жаңа ғимарат туралы әңгіме қозғадыңыздар. Бір жерде мәдениет үйі де, кітапхананың болғанын қаладыңыздар. Сіздерге лайық ғимарат іздестіріліп жатыр. Бұл мәселені шешу үшін жұмыс істейміз», - деп алғы сөзін айтты қала әкімі Мавр Абдуллин. 

Облыстық жұмыспен қамту басқармасы басшысы болып кеше тағайындалған Ербол Данағұловтың сөзінше, зағиптар қоғамының мәселесін облыс әкімі де біледі. Өңір басшысының тапсырмасы бойынша зағиптардан бөлек, қарттарға да жаңа ғимарат іздестірілуде.  

«Облыста 860 мың адам тұрса, соның 20 мыңы – мүмкіндігі шектеулі жандар. Мүгедек балалардың саны 400, ал зағиптар 1200 адамды құрап отыр. Сіздерге арнайы құрал-жабдық беруде қиындықтар болды. Мұның барлығын реттедік.

Енді кемшіліктер қайталанбайды. Сіздердің ұсыныстарыңыз бен жеке мәселеңізді тыңдауға арнайы алдарыңызға келдім», - деді Ербол Данағұлов жиналған қоғамға. 

Ал облыстық мәдениет басқарамасының басшысы Нұрхан Қадырбаев зағиптарға жаңа кітапхана ғимаратының қажеттігі жөнінде ашық айтты. 

«Кітапхана ғимаратының әбден тозығы жеткен, едендері ескірген. Зағип түгіл, көзі көретін адамның өзі де құлап қалуы мүмкін», - дейді Нұрхан Қадырбаев. 

Кездесу барысында мүгедектер тұрғын үймен, жұмыспен қамту және шипажайға жолдама беру мәселелерін көтерді. 

Содан кейін қала әкімі кітапхананың жөндеу жұмыстарымен танысты. Бұдан басқа, Мавр Абдуллин басқарма басшысы Ербол Данағұловпен бірге қалалық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөліміне барды.