Қала әкімі Мавр Абдуллин: Уәде бергеннен кейін, оны орындау керек

Қала әкімі Мавр Абдуллин: Уәде бергеннен кейін, оны орындау керек
30.07.2019 Мемлекеттік басқарма

Кеше жұмыс күнінен кейін шаһар басшысы Елек ауылының тұрғындарымен кездесті. Онда үй құрылысына жер учаскелері берілген, бірақ инженерлік инфрақұрылым әлі жүргізілмеген. 

Қазіргі таңда Қурайлы ауылдық округіне қарасты ауылда жеке үйлердің құрылысы қызып жатыр. 145 жер учаскенің 95-і берілген. Алайда инженерлік желіні өткізуге әлі жобалық-сметалық құжат дайын емес.  

«Бір қиыны – құжаттарды дайындауға уақыт кетеді. Мұнда судың қоры бар екен. Газы бар Қурайлы ауылы да жақын тұр. Тоқ пен су тарту мәселесін қарайық. Бірақ құжатсыз қолымыз байлаулы. Сіздерге келіп, бар шындықты айтып отырмын. Кішкене сабырлық сақтауға тура келеді. Бәрін ертең істеп берем деп айтсам, сіздерді алдағандай боламын. Уәде бергеннен кейін оны орындау керек. Дегенмен инженерлік желі тартылғанша уақытша болса да тоқ мәселесін шешуге жұмыс істейміз», - деді жиналған жұртқа қала әкімі Мавр Абдуллин. 

Жергілікті тұрғындар мәселеге назар аударып, ауылға келгені үшін әкімге риза болды. 

«Сөзіңізде тұрып, уақыт тауып, бізге келгеніңізге көп рахмет! Сіздің қолдауыңызбен мәселе шешіледі деп ойлаймыз, - деп үміттерін жеткізді тұрғындар.

Жиын соңында қала әкімі тұрғын үй коммуналдық шаруашылық бөлімінің жетекшісіне жобалық-сметалық құжатты ыждағаттап дайындауға тапсырма берді.