Экологиялық мәселені шешетін Жол картасы жасалды
28.07.2020 Жалпы

ҚР Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігі Ақтөбе қаласының ауа бассейнінің жағдайын талқылау мақсатында шаһардың эко-белсенділерімен онлайн-кездесу өткізді. Бұл шара қала тұрғындарының ауаның ластығына шағымдануынан кейін ұйымдастырылған болатын.

Онлайн-кездесуде Ақтөбе қаласының әкімі Асхат Шахаров осы бағытта жергілікті атқарушы органдардың жасап жатқан жұмыстарын айтып берді. Еске салсақ, бір апта бұрын қала әкімдігінің жанынан қаланың экологиялық жағдайын мониторингілеп, тұрақтандыру бойынша жұмыс тобы құрылған болатын. Оның құрамына экология департаментінің қызметкерлері, зауыттар (АРБЗ және АЗФ) зертханаларының мамандары, санитарлық эпидемиологиялық қызмет мамандары, коммуналдық кәсіпорындар өкілдері, блогерлер, қалада танымал пабликтердің әкімшілері, қоғамдық кеңестің және «Ақтөбе, дыши» қоғамдық қозғалысының өкілдері енгізілді. Жағымсыз иісті жоюдың алгоритмі жасалды. Қазір жұмыс тобы кәсіпорындарда, кәріз тазарту желілерінде рейдтік шараларға шығып жүр.

Бүгін министр Мағзұм Мырзағалиев Ақтөбенің эко-белсенділерінің барлық талап-тілектерін тыңдады, мәселені шешу жолдарын бірге талқылады. Жағдайды түзеу және жалпы Ақтөбенің экологиялық проблемаларын шешу үшін министрлік мамандары Жол картасын жасап шығарған. Осы жылдың 7-ші тамызына дейін Жол картасының жобасы қоғамдық тыңдауға ұсынылады. Ал аптаның соңына дейін жағымсыз иістің қайдан шығып жатқаны анықталып, сәйкесінше шаралар қолданылатын болады.