ДӘРІ-ДӘРМЕК ТАПШЫЛЫҒЫ МӘСЕЛЕСІ ШЕШІЛЕДІ
02.07.2020 Жалпы

1 шілде күні Ақтөбе қаласының әкімі Асхат Шахаров қаланың ескі бөлігіндегі бірқатар дәріханаларға тағы да мониторинг жүргізді. Ол жағдайды өз көзімен көріп, ондағы қызметкерлермен, дәрі алуға келген тұрғындармен тілдесті. Шернияз көшесіндегі «Миллениум» дәріханасында гормоналдық препараттар тапшы болса, «АРС» дәріханасындағылар антибиотиктер келгенмен, әп сәтте-ақ өтіп кетіп жатқанын айтты. «Миллениум» дәріханасындағылар соңғы 10-20 күнде вирусқа қарсы препараттар мен антибиотиктерге сұраныстың артқанын айтады.

—Дәрі-дәрмек түскенмен, тез арада өтіп кетіп жатыр. Халықтан сұраныс жоғары. Дәрі-дәрмек тапшылығы бар. Алайда келген дәріні біз сатып жатырмыз. Алдағы уақытта да дәрі-дәрмектер болады, тапсырыс берілді. Қазіргі уақытта халық індеттен сақтану үшін дәріні алдын ала алып жатыр, — деді «Миллениум» дәріханасының меңгерушісі Гүлмира Қарағұлова.     

Асхат Шахаров қалада соңғы күндері дәрі-дәрмек тапшылығына байланысты халық наразылық білдіріп жатқанын, соған сәйкес облыс әкімінің тапсырмасы бойынша аймақта халықтың дәрі-дәрмекпен қамтылатынын және олардың бағасына мониторинг жүргізілетінін айтты.   

— Бас санитар дәрігердің айтуынша, коронавирус жағдайында кең профильді антибиотик қолданылмайды. Демек учаскелік дәрігер науқасты қарағаннан кейін нақты нұсқама беруі қажет. Сол алгоритмге сәйкес жұмыстануы керек.  Бұл жердегі ең басты мәселе — дәрілер дәрігердің нұсқамасыз сатылып жатыр, — деген А.Шахаров  журналистер, қоғам белсенділерімен бірге бұл жағдайды шұғыл бақылауға алатынын жеткізді.  

Мониторингтік  тексеріс кезінде қала әкімі Шернияз көшесі бойындағы «Айболит», «Биосфера», «Миллениум», «АРС», сол сияқты Әбілқайыр хан даңғылындағы «Еврофарм» және Бейбітшілік даңғылы бойындағы «Гиппократ»  дәріханаларында болып, ондағы  жағдаймен танысты.