Бүгін Ақтөбе қаласында «Бірге – таза Қазақстан» акциясы аясында эко-челлендж бастау алды

Бүгін Ақтөбе қаласында «Бірге – таза Қазақстан» акциясы аясында эко-челлендж бастау алды
25.07.2019 Жалпы

Аталмыш шараға  қала тұрғындары белсенді ат салысып жатыр. Облыс әкімінің орынбасары Қайрат Бекенов пен шаһар басшысы Мавр Абдуллиннің төрағалығымен өткізілген жиынға қала тұрғындары, депутаттар, қоғамдық бірлестіктер, студенттер және блогерлер қатысты. Сонымен қатар,  Мәжіліс депутаты Айгүл Соловьева мен Германиядан келген шетелдік қонағымыз Мистер Томас та қала тұрғындарына қолдау көрсетіп келді.

«Құрметті белсенді ақтөбеліктер, барлық ұйымдар, кәсіпкерлер, жастар, сіздерге облыс әкімі басшылығынан ризашылығымызды білдіреміз. Бірнеше күн бұрын «Бірге – таза Қазақстан» акциясы аясында экологиялық шараға қатысуға ақтөбеліктерге үндеу жасадық. Жоспар бойынша 300-400 адам жиналуы керек еді. Ал, бүгінгі есептеу бойынша 5000-нан аса ақтөбеліктер эко-челленджге келіп, демалыс күндері біздің табиғатымызды тазалауға өз үлесін қосқысы келіп тұр. Сіздерге көп рахмет!», - деді облыс әкімінің орынбасары Қайрат Бекенов. 

Экологиялық шараға қатысқан 700 ақтөбелік «Тау» демалыс базасы айналасынан шамамен 40 тонна қоқыс шығарды. Әсіресе, мұздай суды кешуден қорықпаған «Подиум» модельдік агенттігінің басшысы Әсел Дилитдинова ерекше көзге түсті. Өзен ортасына барып, пластик бөтелкелерді жинаған ол басқаларға да үлгі болды. 

Сондай-ақ, қалалық әкімдіктің қызметкерлері де ерекше белсенділік танытты. Олар сырт киімдерін шешіп, өзен ортасында жиналған қоқысты жинаудан жалықпады. 

«Енді сенбі сайын сенбіліктер өтіп тұрады. Арнайы кесте жасалды. Бұл акцияны тек мемлекеттік қызметкерлер емес, барлық қазақстандықтар болып қолдауымыз керек. Ақтөбеліктер табиғатты таза ұстайтын болса, ұрпаққа қалдырар таза суымыз бен ауамыз болады. Барлық тұрғындарды шараны қолдауға шақырамын», - деді қала әкімі Мавр Абдуллин.