БАУ-БАҚША ҰЖЫМДАРЫНЫҢ ТАЛАБЫ ТАЛҚЫЛАНДЫ
08.02.2020 Жалпы

Бау-бақша ұжымдарына жеке тұрғын үй құрылысы мәртебесін беру, инженерлік желілер тарту, электр қуатының төлемін азайту мәселелері қала әкімі Мавр Абдуллиннің қатысуымен өткен басқосуда талқыланды.

Коммуналдық қызметтердің басшылары және бау-бақша ұжымдарының төрағалары қатысқан жиын ең өзекті мәселелерді қозғады.

Тұрғындар электр энергиясын пайдаланғаны үшін төлейтін өтемақының қымбат екендігін алға тартып, әкімнің есеп беру жиындарында бірнеше мәрте көтерген болатын.  Сөздерінің жаны бар. Мәселен, қала тұрғыны электр энергиясының бір кВт пайдаланғаны үшін 8-9 теңгеден, ал саяжай тұрғыны 18-19 теңгеден төлеп отыр. Бұл теңсіздіктің себебін саяжайдағы трансформаторларды кезінде жекешелендіріп алғандар электр қуатын таратудың шығыны көп деп түсіндірді. «Бау-бақша ұжымдарында тұрғындар уақытылы ақысын төлемейді, шығын көп, электр энергиясы жиі ұрланады, трансформаторлар ескірген. Осындай себептерден төлемақыда айырмашылық бар», — деп ақталды саяжай ұжымдарының төрағалары.

Ал «Ұстаз» бау-бақша ұжымының тұрғыны Бисенбай Дүзелбаев электр энергиясына тарифті көтерудің реті жоқ деді. Ол бұл мәселені зерттеп көргенін айтып, «қала тұрғындары мен саяжай тұрғындарының электр қуатына төлейтін өтемақысында осыншалықты айырмашылықтың болуы —  барып тұрған қанаушылық», — деп сөзіне дәлел-дәйектер келтірді.

Тарифтің тым қымбат екенін осы саланың мамандары да дәлелдеп берді. «Энергосистема» ЖШС бас инженері Асқар Бектұрғанов, қалалық электр желілері басқармасының басшысы Мақсат Тикеевтер бау-бақша ұжымдарының төрағаларына бірнеше мәрте өзара қарым-қатынас нұсқаулығын рәсімдеуді ұсынғандарын, бірақ, одан еш нәтиже шықпай отырғанын айтты. «Бізбен заң талабы аясында жұмыс істеуге бау-бақша ұжымдары төрағаларының өздері құлықсыз», — деді олар.

Осы басқосуда «Ромашка», «Сельмаш», «Сейсмик» сияқты бірқатар  бау-бақша ұжымдарының төрағалары сөз алды. «Сайжай тұрғындарымен түсінісу қиын, коммуналдық төлемдерін уақытында ала алмаймыз, мүлдем төлемейтіндер бар», — деп мәселе көтерді. Трансформаторларды жекеден мемлекеттің балансына өткізіп беруге даяр екендерін жеткізді. Қала әкімі Мавр Абдуллин оларға бау-бақша ұжымының төрағасы болудың жауапкершілігін білу керек деп ескертті.

«Электр қуатын пайдаланғаны үшін бау-бақша тұрғындарынан 18-19 теңгеден алып отырсыздар. Саяжайдың төрағасы болған адам, сол жерге қоныстанған халықтың жағдайына жанашыр болуы керек. Қарапайым адамдардың мүмкіндігін ойланыңыздар. Тарифті 18-19 теңгеден 13-14 теңгеге дейін түсіретін боласыздар», — деп қала әкімі талап қойды.

Басқосуды қорытындылаған шаһар басшысы бау-бақша ұжымдарының жеке тұрғын үй құрылысы мәртебесіне өтуі бойынша тапсырмалар берді. Су басу қаупі бар аумақтардағы саяжайларға мұндай статус берілмейді.