«Бақытты ОТБАСЫ» БАҒДАРЛАМАСЫНЫҢ ЕКІНШІ КЕЗЕҢІ БАСТАЛАДЫ
05.01.2020 Жалпы

2020 жылы Ақтөбеде 100,0 мың  шаршы метр тұрғын үй пайдалануға беру жоспары бар. Бұл 1999 пәтерден тұратын 4 тоғыз қабатты және 21 аз қабатты үйлер тапсырылады деген сөз. Баспаналарды Тұрғын үй құрылыс жинақ банкінің салымшылары арасында және «7-20-25» бағдарламасы аясында сату жоспарлануда. Бұл туралы бүгін қала әкімі Мавр Абдуллиннің төрағалығымен өткен аппарат жиынында тұрғын үй қатынастары бөлімі басшысының міндетін атқарушы Ерлан Рамазанов айтып берді. 

Бұдан бөлек, елімізде 2019 жылдың маусым айынан бастап тұрмысы төмен отбасыларына арналған «Бақытты отбасы» атты жаңа бағдарлама іске қосылды. Ақтөбеде кезекте тұрған көпбалалы, толық емес және мүмкіндігі шектеулі балалары бар 1400 отбасы жолдама алып,  485 отбасы баспаналы болды. Бұл бағдарламаны жүзеге асыру тұрғысынан Ақтөбе қаласы республика бойынша алғашқы үштіктен көрінді. Ал қазіргі таңда 70 үміткер отбасының төлем қабілеті тексерілуде. Себебі 2020 жылы наурыз айында «Бақытты отбасы» бағдарламасының екінші кезеңінің басталуы жоспарлануда.