Ауыл шаруашылығы еңбеккерлері марапатталды
20.11.2020 Жалпы

Қала әкімі Асхат Шахаров Ақтөбе қаласының ауыл шаруашылығы саласы қызметкерлерін кәсіби мерекелерімен құттықтады.
«Жыл сайын Ауыл шаруашылығы қызметкерлерінің күні кең көлемде атап өтілетін еді. Биыл пандемия жағдайына байланысты көп шараларды мерекелеуге мүмкіндік болмай отырғанын жақсы білесіздер. Дегенмен, назардан тыс қалдырмай, осы салаға қызмет етіп жүрген еңбеккерлерді құттықтауды жөн көрдік. Ауыл шаруашылығы саласы қаланың ғана емес, облыстың дамуына үлес қосып отыр. Сіздердің еңбектеріңізге табыс тілеймін», — деді қала әкімі.
Биыл дәнді-дақылдар көлемі – 6,9 мың га, картоп – 1,769 мың га, көкөніс – 1,454 мың га, бақша дақылдары – 157,0 га жерді алып жатыр. Сонымен қатар, 25 га алқаптан 33 тонна таңқурай жиналды. Қазір қала бойынша 13 жылыжай кешені бар. Өткен 10 айда жылыжайлардан 9407,3 тонна өнім өндірілді. Қала әкімі жаңа технологияларды қолдану арқылы дамуға бет бұру керектігін атап өтті.
Осы шарада қала әкімі марапаттады:
Самат Қалдығұлов («Құмсай» ш/қ), Ален Картов («АйКар» ш/қ), Миржан Әлжанов («Еламан 2014» ЖШС), Батырбек Шауленов («Бексұлтан» ш/қ), Темірболат Сүйналин («Анисан» ш/қ), Степан Гайдарь («Пригородный» ЖШС), Талғат Нұржігітов («Темір Тұлпар Батыс» ЖШС), Сат Айдаров («Қалаубай» ш/қ), Талғат Ермағамбетов («Ғалымжан ауыл» ш/қ), Данат Шураханов («Болат ЛТД» ЖШС), Дидар Назаралин («Greenhouse Kazakhstan» ЖШС), Ерхан Байтазин («Байтаза» ш/қ), Гүлден Боранбаева («Фитосанитария» ШЖҚ РМК), Аслан Кусаметов («Фитосанитария» ШЖҚ РМК).