АСХАТ ШАХАРОВ: ЖҰМЫСТА ЖҮЙЕ БОЛМАСА, МӘСЕЛЕ ҚОРДАЛАНА БЕРЕДІ
20.03.2020 Жалпы

Қала басшысы Асхат Шахаров қалалық мәслихаттың кезектен тыс 51-ші сессиясында депутаттарды жергілікті атқарушы органдармен бірігіп жұмыс істеуге шақырды.

Сессия отырысында халық қалаулылары коммуналдық мүлікті тиімді басқаруға байланысты,  дәлірек айтқанда, «Жолаушылар тасымалдау кәсіпорны» ЖШС және «Табыс Ақтөбе» ЖШС жұмыстарына қатысты мәселе көтерді.  Сондай-ақ, қаланың 2020-2022 жылдарға арналған бюджетін бекітті.

—  Бүгін көп мәселе көтердіңіздер, дегенмен осы айтып отырған сұрақтардың жауабын өздеріңіз білуге тиіссіздер, себебі «Жолаушылар тасымалдау кәсіпорны» және «Табыс Ақтөбе» кәсіпорындарының құрылуы да, олардың даму стратегиясы да депутаттардың мақұлдауынан өткен мәселелер, — деді қала әкімі Асхат Шахаров, — Шын айтуына келгенде мен құжаттар сарапшылар қорытындысынан өткенде ғана сенемін.

Сондай-ақ,  қала басшысы шаһар жолдары автокөлікпен ғана емес, жаяу жүруге де қолайсыз жағдайға жеткенін ескертті.

«Әркім өзін осы қаланың қарапайым тұрғыны ретінде сезінуі керек. Мен қала бірінші кезекте халық үшін қолайлы болуы керек деп есептеймін. Жаяу адамдардың жағдайын да ескеруге тиістіміз. Мен қаланы жаяу аралап көрдім. Жолдар мен жол жиектері тазаланғанымен, тротуарлар, қоршаулар лас күйінде тұр. Егер біз жұмысты жүйелей алмасақ, жыл сайын жіберген қателігімізді түзетумен ғана күніміз өтеді. Сондықтан, әкімдік пен мәслихат өзара тығыз байланыста әрекет етіп, бұл проблемаларды шешулері керек», — деді қала әкімі Асхат Берлешұлы.