АРЫЗ-ШАҒЫМ ҚАРАУСЫЗ ҚАЛМАЙДЫ
09.07.2020 Жалпы

Қала әкімі Асхат Шахаров әлеуметтік желілерде шыққан шаһар тұрғындарының шағымдарына қатысты проблемалық нысандарды аралап көрді.

Алдымен М.Өтемісов көшесіне барды. 2018 жылы салынып бастаған 1,2 км көше жолының 700 метрі аяқсыз қалған. Тұрғындардың бұл туралы шағымы осыған дейін әлеуметтік желілерде, БАҚ беттерінде жарияланды. Бүгін қала әкімі мердігер компания «Universal-Almas» ЖШС басшысын М.Өтемісов көшесіне шақырып, тұрғындар алдында тамыздың 15-не дейін жолдың қалған бөлігін аяқтап тапсыру туралы уәдесін алды. Мердігер мекеме көше жолын асфальттап, тротуар салып береді.  

Сапасы сын көтермейтін жолдардың бірі — Ақтөбе хром қосындылары зауыты тұсындағы 560 метр көпір (жол өткелі).  Асфальті төселгеніне жыл жарым уақыт өтпей, жол өткелінің сапасы сыр берді. Бұл туралы айтылған шағымға құлақ түрген қала әкімі жол өткелімен өзі жүріп көрді. Сапасына 3 жыл кепілдік берген «ТрансМостГрупп» мердігер компаниясына алдағы аптада қайта жөндеп беруді міндеттеді.  

«Халық үніне құлақ асатын мемлекет қалыптастыру туралы Президент тапсырмасы бар. Мен әрдайым әлеуметтік желілерді бақылап, тұрғындар тарапынан айтылып жатқан мәселелерді зерделеп қарап отырамын. Мәселелердің шешімін табу — мен үшін тұрғындармен кері байланыс орнату», — деді Асхат Шахаров.