Алғыс айту күніне орай Ақтөбеде қайырымдылық концерті өткізілді

Алғыс айту күніне орай Ақтөбеде қайырымдылық концерті өткізілді
01.03.2019 Жалпы

Ақтөбе қаласының әкімдігі,  қалалық білім бөлімі және Қазанғап атындағы балалар өнер мектебі «Мейірімді жүрек» атты Ақтөбе қаласының 150-жылдық мерейтойына арналған және Алғыс күніне орай Ақтөбе қаласы әкімінің орынбасары К.Айдарханованың қатысуымен 2019 жылғы 1 наурыздақайырымдылық концерті өткізілді.

Қоғамымыздағы өзекті мәселенің бірі – мүмкіндігі шектеулі жандарға көмек көрсету екені белгілі. Мүмкіндігі шектеулі жандар ерекше қамқорлық пен мейірбандылыққа зәру жандар. Себебі, олардың ішкі жан дүниесі нәзік әрі сезімтал. Оларға қайырымдылық жасау, мейірімділік таныту – әрбір азаматтың міндеті.

Қазанғап атындағы балалар өнер мектебінде де мүмкіндігі шектеулі оқушылар (6-11 жас аралығы)  оқиды. Олардың есту қабілеті, денсаулықтары төмен болғанмен, білімге деген құштарлығы, талабы жоғары,  сурет салу шеберлігімен ерекшеленеді.

Осы күнге дейін қоғамымыз мүмкіндігі шектеулі жандарға көптеген іс-шаралар мен көмектер көрсетіп келеді. Соның ішінде  Қазанғап атындағы балалар өнер мектебінің ұжымы мүмкіндігі шектеулі жандарға көңіл бөліп, оларды болашақ өмірге бейімдеу, дені сау адамдардың арасында өздерін жайлы сезіну үшін қолайлы атмосфераны орнату, ата-аналарына психологиялық тұрғыдан көмек көрсету мақсатында қайырымдылық концертін ұйымдастырды. Концертке 200-ге жуық мектеп оқушылары қатысып, халқымыздың ұлт-аспаптарында ойнап, ән салып, би билеп, өз өнерлерін халыққа тарту етті.

Қайырымдылық концерткеқатысқан қала әкімінің орынбасары К.Айдарханова Алғыс айту күніне орай  балаларға жылы лебіздер мен жақсы тілектер айтып, мүмкіндігі шектеулі оқушыларға ақшалай сертификат табыс етті, сондай-ақ осы ерекше бүлдіршіндерді тәрбиелеу үшін өзіне жауапкершілік алған адамдарға шын жүректен алғысын айтты.

Қайырымдылық концерт жоғарғы деңгейде өткізілді. Ерекше балаларға және олардың жанұясына өнер сүйер қауымға көтеріңкі көңіл-күй сыйлады.