Ақтөбеліктер өз таңдауын жасайды

Ақтөбеліктер өз таңдауын жасайды
07.11.2019 Мемлекеттік басқарма

Бүгін, қарашаның 7 күні қала әкімі Мавр Абдуллиннің төрағалығымен шаһардың бірыңғай сәулеттік келбетін қалыптастырудың тұжырымдамасы қоғамдық тыңдауда талқыланды.

Көпшілік назарына қаланың төрт ауданын абаттандыру жобалары ұсынылды. Дәлірек айтсақ, қаланың орталық аймағы, тұрғын үй қалашығы ауданы, ескі қала және Мәскеу ауданы. Сондай-ақ, қаланың 101-атқыштар бригадасы көшесін абаттандыру бойынша ұсыныстар қаралды.   

Алдағы уақытта нысандар құрылысын жобалау кезінде қаланың кешенді көркемдік сәулеті негізге алынады.  Бірінші кезекте, бұл қаланың бас көшелерінің бойындағы тұрғын үйлеріне қатысты. Мәселен, Батыс-2 ауданында жер асты автотұрақтарын салу ұсынылады. Ал үйлер көрнекті, ірі жазулармен нөмірленеді.  Сондай-ақ, жылу қазандықтарын үйдің іргесіне емес, төбесіне орналастыру мүмкіндіктері қарастырылуда.

Тургенев көшесі — Әбілқайырхан даңғылы және Абай даңғылы — Ә.Молдағұлова даңғылы аймақтарын абаттандыру, сондай-ақ, Тұрғын үй қалашығын және ескі қала аймағын абаттандыру жобасы ұсынылып отыр.

— Қала әкімдігі тұрғындардың пікірімен санасу үшін тұжырымдаманы көпшілікке жариялап жатыр. Кешенді тұжырымдаманың болмауынан қала құрылысында бірыңғай сәулеттік талап сақталмайды. Мәселен, аула ішінде тұрған көліктер өрт сөндіру немесе жедел жәрдем көлігіне кедергі келтіреді. Ал «Нектар» үйлерінде автотұрақтарды жер астына орналастырып жатыр. Бірінші кезекте тұрғындардың қауіпсіздігін ойлап, оларға ыңғайлы жағдай жасау керек, — деді қала әкімі Мавр Абдуллин.  

Жол жиектерінен жауын-шашын мен қар суы ағып кететіндей суағарлар салу мәселесін шешу қажет, автотұрақтар, балалардың ойын алаңдарын және спорттық алаңдар салу арқылы көпқабатты үйлер аулаларын ретке келтіру керек.  

Ал Мәскеу ауданында ірі қоғамдық орталық қалыптастыру арқылы қаланың орталық көшелеріндегі автокөлік нөпірін азайтып, халық көп шорғырланатын орындардың жүктемесін реттеу көзделіп отыр.  Мәскеу ауданында Қазақстан Темір Жолы жүк-жолаушы тасымалы терминалы, автовокзал және әуежай, қоғамдық-іскерлік орталықтар (банктер, бизнес-орталықтар, қонақүйлер, сауда үйлері және т.б.), сондай-ақ, әлеуметтік нысандар салынады.  

101-атқыштар бригадасы көшесін қалпына келтірудің екі нұсқасы жасалған. Бірінші нұсқасында көшені тек жаяу адамдарға ғана арнау жоспары бар. Яғни, бұл көшемен кәсіпкерлік нысандарына жүк көліктері тек белгіленген уақыт бойынша ғана өтетін болады. Ал екінші нұсқасында көшенің автожолы сақталады.

Қала тұрғындарымен кері байланыс орнату үшін қала әкімдігі сайтының ресми парақшасында www.akt.gov.kz  кез келген ақтөбеліктің онлайн дауыс беруіне мүмкіндік жасалып отыр. Сонымен қатар, Инстаграм әлеуметтік желісінде   @araily_aqtobe парақшасы ашылды. Кез келген тұрғын танысып, ұсыныс-пікірлерін жаза алады.