Ақтөбеліктер Алғыс айту күнін атап өтті

Ақтөбеліктер Алғыс айту күнін атап өтті
01.03.2019 Жалпы

2016 жылдан бастап 1 наурызда Қазақстанда Алғыс айту күнін тойлайды. Осы күнге орай Ақтөбеде кең ауқымды қайырымдылық акциясы ұйымдастырылды.

Ақтөбеде 1 наурыз күні ҚР Тұңғыш Президентінің саябағындағы «Қазақ халқына мың алғыс» стеласы алаңында Алғыс айту мерекесіне орай «Алғыс айту – Парызым!» мерекелік іс-шарасы өтті.     

Мерекелік шараға Ақтөбе облысының әкімі О.Оразалин, облыстық мәслихаттың хатшысы Сәния Қалдығұлова, мәслихат депутаттары, Қазақстан халқы Ассамблеясының мүшелері, этномәдени бірлестіктердің өкілдері, қоғамдық ұйымдар, ардагерлер, студенттік жастар, қала тұрғындары қатысты.

Облыс басшысы Алғыс айту күнімен барша ақтөбеліктерді мерекемен құттықтады. Өңір басшысы Алғыс айту күні біздің ортақ тарихымызға деген құрмет, бүкіл қазақстандықтардың бір-біріне деген ықыласы-мейірімділігі, достығы мен ынтымағы екендігін атап өтті.
Мерекелік шара түрлі-түсті театрландырылған қойылымдармен және музыкалық нөмірлермен жалғасты. Ақтөбе облысындағы этномәдени орталықтардың өкілдері сөз алып, барлық ұлыстардың бір-біріне және қазақ халқына деген құрметі мен ризашылығын білдіріп жатты.Шын мәнінде бұл мереке бірліктің мерекесіне айналды.

Қазіргі таңда Ақтөбе облысында тоқсаннан аса халық пен ұлыс тұрады, 18 этномәдени бірлестік жұмыс жасайды. Алғыс айту күні елімізде 2016 жылдан бастап мемлекет басшысының Қазақстан халқы ассамблеясының ХХII сессиясында айтқан бастамасымен атап өтіліп келеді.