Ақтөбеде тұңғыш McDonald’s мейрамханасы ашылды

Ақтөбеде тұңғыш McDonald’s мейрамханасы ашылды
26.11.2018 Экономика және кәсіпкерлік

Бүгін Ақтөбе қаласында әлемге танымал  McDonald’s бренді мейрамханасының салтанатты ашылу рәсімі болды. Оған Ақтөбе облысының әкімі Б.Сапарбаев, Ақтөбе қаласының әкімі І.Испанов, McDonald’s франшизасының Қазақстандағы иесі Қ.Боранбаев қатысты.

Ақтөбе – әлемге танымал McDonald’s бренді мейрамханасы жұмыс жасап жатқан Қазақстандағы төртінші қала.Елімізде барлығы 12 McDonald’s мейрамханасы жұмыс жасайды, олар Астана, Алматы және Қостанай қалаларында.

«Мемлекет басшысының тапсырмасымен Ақтөбе агломерациясын дамыту жұмыстары белсенді жүргізіліп жатыр. Ақтөбе одан да көп инвестиция тартатын заманауи сан қырлы даму орталығына айналуда. Үлкен қаланың дамуы мен құрылуы шағын және орта бизнестің өсуімен, жаңа бизнес жобалардың құрылуымен қатар жүреді. Бүгінде ШОБ саласында 135 мыңнан аса ақтөбелік еңбек етеді, олар 370 млрд теңгеден астам сомаға өнім шығарған. Жаңа мейрамхана ақтөбеліктердің жаңа демалыс орнына айналатынына сенімдімін», - деді Ақтөбе облысының әкімі Бердібек Сапарбаев мейрамхананың ашылу рәсімінде.

«Біз McDonald’s мейрамханасы Қазақстанда алғаш ашылған сәтінен, 2016 жылдың наурыз айынан бастап 12 млн.қонаққа қызмет көрсеттік, 700-ден аса жаңа жұмыс орындарын құрып, Алматы, Астана, Қостанай қалаларында 12 жаңа мейрамхана аштық және бүгін 13-мейрамханамызды Ақтөбеде тұңғыш рет ашқалы отырмыз. McDonald’s әлеуметтік жағынан жауапты компания ретінде Қазақстанда белсенді өмір салтын енгізуді, білім беру, мәдениет пен спорттық бағдарламаларды белсенді түрде қолдайды. Ақтөбедегі жаңа мейрамхана қала тұрғындары мен қонақтарын өзіне тартатын орталыққа айналатыны сөзсіз», - деді McDonald’s франшизасының Қазақстандағы иесі Қайрат Боранбаев.

Мейрамхана ішінде 96 және жазғы алаңында 64 отыратын орын бар. Мейрамхананың жалпы алаңы 470 шаршы метр.Басқа қалалардағыдай, Ақтөбеде қызмет көрсетудің ең заманауи жүйелері, соның ішінде өзіне өзі қызмет көрсету дүңгіршектері пайдаланылған. Мейрамхана сондай-ақ көлік жүргізушілеріне қолайлы болу үшін ішкі периметрлер бойынша McDrive жүйесімен жабдықталған.Соның арқасында көліктен шықпай-ақ тапсырыс беріп, төлем жасап алуға болады. Балалар ойнайтын бөлме арнайы жабдықтармен жабдықталған, отбасылық демалыс үшін де қолайлы жағдайлар жасалған. Ас мәзірінде дәстүрлі және бәріне сүйікті Биг Мак, картофель фри, Чикен Макнаггетс пен басқа да фирмалық тағамдар бар.