Ақтөбеде тал-теректі түгендеу себебі түсіндірілді

Ақтөбеде тал-теректі түгендеу себебі түсіндірілді
12.11.2019 Мемлекеттік басқарма

 12 қарашада сағат 10.00-де «Жасыл желекті сандық жүйе арқылы түгендеу және дендрологиялық паспорттау стратегиясын жасақтау» тақырыбында қоғамдық тыңдау өтті. Оған РФ Мәскеу қаласынан келген мамандар қатысты. Сондай-ақ, осы тақырыпқа бейжай қарамайтын қаланың жанашыр азаматтары, қоғам белсенділері, блогерлер, БАҚ өкілдері, мәслихат депутаттары мен қоғамдық кеңес мүшелері қатысты. Болашақта ақтөбеліктердің ұсыныс-тілектері қала өмірі үшін маңызды стратегияны жасауға негіз болады.

— Ақтөбе — бәріміздің ортақ үйіміз. Бүгін біз қаламыздың жасыл белдеуін қалыптастыру үшін маңызды - жасыл желекті сандық жүйе арқылы түгендеу және дендрологиялық паспорттау стратегиясын жасақтау мәселесін талқылау үшін жиналдық.  IT-технологияның дамыған заманауи кезеңінде мәліметтердің электрондық базасы, автоматтандыру жүйесі қала өмірінде аса маңызды орын алады.  Жасыл желек қала аумағында қатаң бақылауға алынуы тиіс. Бұл үшін біз техникалық мүмкіндіктерімізді жетілдіруіміз керек. Мәселен, қалада талдар мен көшеттердің саны мен сапасы туралы нақты мәлімет жоқ. Бұл жасыл желекті суаруға, күтіп ұстауға бөлінетін қаражатты негіздеуге кедергі келтіріп отыр. Сондай-ақ,  қалада дендрологиялық зерттеулер жүргізілмейтіні анық. Ал бұдан инженерлік желілерді жүргізген кезде, құрылыс салғанда, қайта жөндеу жұмыстары кезінде тал-теректің зардап шегеді, — деді қала әкімінің орынбасары Жангелді Әубәкіров.  

Тал-теректі түгендеу процедурасына қажеттілік бар. Бұл статистикалық есеп үшін де, қаланың жасыл белдеуін, саябақтарын қалыптастыру, дамыту, жетілдіру ісінде де маңызға ие.  Тал-теректі цифрландыру жүйесі арқылы паспорттау, түгендеу жаңа нысандардың, тұрғын үйлердің құрылысын жоспарлау кезінде де аса қажет.

Бүгінгі қоғамдық тыңдау кезінде жасыл желекті түгендеу, паспорттау қызметін көрсететін «Ульмус» ашық қоғамдық бірлестігінің бас директоры Воробьев Павел Борисович және Мәскеу педагогикалық мемлекеттік университетінің доценті Черняева Екатерина Вадимовна өз тәжірибелерімен бөлісіп, жасыл желекті есепке алуды дамыту бойынша концепцияны таныстырды. Осы істе кездескен кедергілер туралы айтып берді. «Ресейде 10 жылдан бері «Жасыл желек тізімі» деген бағдарлама жүзеге асып келеді. Барлық өсіп тұрған талдар, көшеттер, газондар бағалау жүйесіне енгізіледі, және мәліметтері арнайы ақпараттық жүйеге тіркеледі. Соның арқасында қалалық тұрғын үй – коммуналдық шаруашылық бөлімінің қызметкерлері кез келген уақытта жасыл желектің санына, сапасына қатысты мәліметті біліп отырады», — деді Павел Воробьев.

Оның айтуынша, Ресей Федерациясында мердігер мекеме талды кескен жағдайда заң бойынша оның есесін келтіруі керек. Ол қаржысын төлейді немесе арнайы бөлінген аумаққа жаңадан талдар отырғызады. Дәлірек айтқанда, жаңадан ағаш отырғызу жер асты коммуникациялық желілерге немесе көшенің болашақта жөндеу жобасына зиянын тигізбес үшін арнайы жер телімі бөлінеді. Бағдарламаның басты мақсаты – жасыл желекті күтіп ұстауға бюджеттен бөлінетін қаражатты желге ұшырмау, сауатты, тиімді жұмсау. «Тал отырғызуды алдын ала жоспарлауға болады. Талдау жасап, жасыл белдеуге енгізілетін өзгерістерді бюджетке алдын ала салуға болады. Мәселен, кейде көпжылдық ағаштар ем-домды, арнайы күтімді қажет етеді. Цифрландыру қаражаттың жұмсалуын және жоспарланған жұмыстың атқарылуын нақты бақылауға мүмкіндік береді», — деді Е.Черняева.

Талдарды цифрландыру жүйесінің көмегімен түгендеу жұмыстарына ауыл шаруашылығы колледжінің оқушылары және Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік мемлекеттік университетінің студенттері тартылатын болады.

Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік мемлекеттік университетінің биологтар, агрономдар, дендрологтардан құрылған жұмыс тобы мәскеулік мамандармен бірге «Ақтөбе қаласының жасыл белдеуін құру, күтіп ұстау және қорғау ережесін» жасайды. Оған өсімдік шаруашылығындағы соңғы ғылыми зерттеулер негізге алынады.

«Ақтөбе қаласының жасыл қоры» цифрлық ақпараттық ресурсы базасында жаңадан егілетін жасыл желекке қатысты дендрожоспар жасақталады. Бұл жерде қаланың жасывл қорын сақтап қалу мәселесі өзекті. Жобаның жүзеге асырылуы жасыл белдеудің фитосанитарлық қалпын сақтау үшін ғылыми негізге сүйенуге, тал-теректі күтіп ұстауды жетілдіруге мүмкіндік береді. Жоба қаланың жаңа келбетін қалыптастыруға тұрғындарды тартуға, жастарды тәрбиелеуге, патриоттық пен азаматтық ұстанымға ықпал етеді.