Ақтөбеде мүмкіндігі шектеулі жандар концерт қойды
14.11.2019 Мәдениет және спорт

Бүгін, 2019 жылғы 14-қарашада Қалалық қазақ зағиптар қоғамы мәдениет Үйі Халықаралық зағиптар күніне орай «Мейірім толы - шапағат» атты есептік концертін ұйымдастырды.

​Шараға Ақтөбе қалалық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің басшысы А.Юнисова, қалалық Қоғамдық кеңес мүшелері Р.Байлиева, М.Камалов және т.б. мемлекеттік мекемелер басшылары қатысты.

Концерттік бағдарламаға мүмкіндігі  шектеулі көркемөнерпаздар: Гүлжанат-Әміржан Тілеумағамбетовтер отбасылық дуэті, мәдениет Үйінің жеке орындаушылары, зағиптар қоғамына жаңадан қайта қосылған әнші Жансая Искакова, көркемсөз оқушы Гаухар Ихсановалар белсене қатысты. Олардың арасында  музыкалық білімі бар  Зоя Лобыкина мен Жұрынбай Назым атты зағиптар қоғамының мүшелері бар.

Жаңадан құрылған әжелер квартетінің тұсауы кесілді. Көркемөнерпаздар түрлі аймақтық, республикалық, халықаралық байқауларға белсене қатысып, өз мүмкіндіктерін сынап, жүлдегер атанып жүр. Көру мүмкіндігі шектеулі жандар қаланың барлық мәдени және спорттық шараларына белсене қатысып жүргенін ерекше атап айтуымыз қажет.

Қоғам мүшелерін белсенді қызметке кеңінен тарту мақсатында "Кедергісіз орта" жобасы құрылып, олармен қаланың шығармашылық, танымал адамдарымен кездесулер өткізіліп, атпен жүру мәдениетін үйрету ұйымдастырылуда. Сондай-ақ қоғам мүшелері кедергісіз ортаға бейімделу мен рухани азық алу мақсатында Т.Ахтанов атындағы драма театрында өткен қойылымдарды тамашалап, ерекше көрермен ретінде танылып жүр.

Сонымен қатар, көру мүмкіндігі шектеулі балаларға арналған «Мектепке жол» акциясы, Халықаралық балаларды қорғау күніне арналған бағдарламалар, жаңа жылдық ертеңгілік тұрақты түрде ұйымдастырылады.