Ақтөбеде мемлекет және қоғам қайраткері Марат Оспановты еске алуға арналған конференция өтті

Ақтөбеде  мемлекет және қоғам қайраткері  Марат Оспановты еске алуға арналған конференция өтті
01.11.2019 Жалпы

1 қараша, жұма күні  Ақтөбеде   Мемлекет және қоғам қайраткері, ҚР Парламенті Мәжілісінің тұңғыш Төрағасы, экономика ғылымдарының докторы, Еуразиялық ғылым академиясының Академигі Марат Оспановтың 70 жылдық мерейтойына арналған апталық шеңберінің  қорытынды жиыны өтті.  Облыс әкімі Оңдасын Оразалин мен іс-шараға  арнайы келген ҚР Парламенті Мәжілісінің Әлеуметтік-мәдени даму комитетінің төрағасы Гүлшара Әбдіқалықова   Марат Оспанов атындағы  БҚМУ –дің бас корпусында  ғалымның мүсініне гүл шоқтарын қойды.

Содан соң,  БҚМУ "Аққағаз Досжанова атындағы Конференц-холлында "Егемен Қазақстанның қалыптасуы мен дамуындағы Марат Оспановтың рөлі" тақырыбында халықаралық  мерейтойлық конференцияға қатысты.Жиынға сонымен қатар, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Құралай  Қаракен, Марат Оспанов атындағы ҚҚ қамқоршылық кеңесінің төрағасы  Рүстем Қайдаров, және академиктің атындағы ҚҚ Президенті  Марат Оспановтың жұбайы Бақыт Оспанова, мен ұлы  Арсен Маратұлы және т.б құрметті қонақтар қатысты.  Марат Оспановтың 70 жылдық мерейтойына арналған шарада  облыс  әкімі Оңдасын Оразалин  тарихи тұлғаның  ел дамуына  қосқан үлесін ерекше атап өтті.

«Тәуелсіз Қазақстан тарихында елдің  өсіп-өркендеуіне, егемен мемлекет ретінде аяғынан тік тұруына зор үлес қосқан жандар аз емес. Тағдырдың жазуымен солардың біразы біздің ортамызда жоқ. Жақсының аты, ғалымның хаты өлмейді дегендей, артында  өшпес  із қалдырған азаматтар аз емес. Солардың ішінде ғалым, мемлекет және қоғам қайраткері Марат Оспановтың орны айрықша. Біз оны республиканың  жоғарғы Кеңес төрағасының орынбасары, ҚР бірінші шақырылымындағы Парламенті мәжілісінің төрағасы ретінде ел дамуына үлес қосқан зор тұлға деп танимыз»,-деді  облыс әкімі.

М. Оспанов атындағы қамқоршылық кеңестің президенті  Бақыт Оспанова  облыс  әкіміне және  келген қонақтарға  академиктің өмірі мен еңбегі   баяндалған «Мен сенемін» атты   кітап сыйға тартты.