Ақтөбеде әлеуметтік қызметкерлер марапатталды

Ақтөбеде әлеуметтік қызметкерлер марапатталды
06.11.2019 Жалпы

2019 жылғы 6-қарашада Ақтөбе қаласының әкімі Мавр Абдуллиннің қатысуымен қалалық Мәдениет үйінде әлеуметтік қорғау жүйесі қызметкерлерін марапаттау рәсімі өтті. 2011 жылы ҚР Тұңғыш Президентінің жарлығымен қазан айынын соңғы жексенбісі әлеуметтік жағынан осал топтарға қолдау көрсетіп жүрген «Әлеуметтік қорғау саласы қызметкерлерінің» мерекесі ретінде бекітілді. Қала бойынша қарттар мен жалғызбасты, белгілі тұрағы жоқ тұлғалар, жұмыссыздар мен аз қамтылған жандарға ерекше жылу мен жанашырлық танытып жүрген 276 әлеуметтік қызметкер жұмыс жасайды. Бүгінгі мерекелік шарада 42 әлеуметтік қызметкер марапатталды. 4 адамға  "Ақтөбе қаласының 150 жылдығы" мерекелік медалі табысталды. Ақтөбе қаласының әкімі Мавр Абдуллин төл мереке иелерін құттықтады.

"Өз кәсібіне шын берілген, адам тағдырына бей-жай қарамайтын нағыз жанашыр жандар ғана әлеуметтік  қорғау жүйесінің қызметкері бола алады. Жүрегінде мейірімі мол, өзгеге көмегін аямайтын жүйенің қызметкерлерін төл мерекелерімен құттықтаймын. Мемлекет қамқорлықты қажет ететін жандарға қол ұшын созуға, жағдай жасауға әркез дайын. Осы сала қызметкерлерінің қалтқысыз, адал еңбегі әрқашан елеулі", - деді М.Абдуллин.  

Айта кету керек, осы шарада әлеуметтік көмекті  қажет ететін жандарға қолдау көрсетіп жүрген компаниялар да марапатталды. Жалпы бүгінгі шарада қалалық бөлімдер, кәсіподақ ұйымдары да мереке иелерін құттықтады. Мерекелік іс-шара концерттік бағдарламамен жалғасты.