Ақтөбеде көп балалы отбасыларға пәтер кілттері табысталып, жаңа мектеп пайдалануға берілді
30.12.2020 Жалпы

Сейсенбі, 29 желтоқсан күні Ақтөбе облысының әкімі Оңдасын Оразалин «Нұр Ақтөбе» шағын ауданында салынған 60 пәтерлі жаңа үйден көп балалы отбасыларға пәтер кілттерін табыс етті.
Бұл үй «Нұрлы жер» мемлекеттік бағдарламасы аясында сатып алынып, көп балалы ата-аналар санаты бойынша баспана кезегінде тіркеліп тұрған жандарға берілді.  
Аймақ басшысы О. Оразалин жиналған тұрғындарды келе жатқан Жаңа жыл мерекесімен құттықтап, өңірімізде атқарылып жатқан игі шараларға тоқталып өтті.
“Өздеріңіз жақсы білесіздер, биылғы жылдың ерекшеліктері көп болды. Әлемді жайлаған пандемия кезінде Мемлекет басшысының елімізде жүргізіп отырған сындарлы саясатының арқасында облысымызда әлеуметтік салаға арналған жұмыстар еш тоқтаған жоқ. Облысымызда қолға алынған әлеуметтік нысандарды салу, қала және аудан орталықтарындағы көшелерді жөндеу, газ, су тарту, тұрғын үйге мұқтаж жандарды үймен қамтамасыз ету бағытындағы жоспарларымыз орындалып, көптеген жұмыстарымыз нәтижелі аяқталып келеді. Жылдар бойы қордаланып қалған мәселелерді бір күнде шешу мүмкін емес. Дегенмен, мұның бәрі аймақ тұрғындарының сабырлылығы мен аянбай еңбектенуінің арқасында осындай жетістіктерге жетіп отырмыз. Біз алдағы уақытта да басталған жұмыстарды жалғастырып, өз тарапымыздан көп балалы отбасылар мен әлеуметтік аз қамтылған жерлестерімізді қолдауды жүргізе беретін боламыз, - деді облыс басшысы.    
Атап өтейік, қазіргі таңда қалада мемлекеттік тұрғын үй қорынан баспанаға мұқтаждар есебінде 24 мыңнан астам адам кезекте тұр.
Бұдан кейін аймақ басшысы «Нұр-Ақтөбе» шағын ауданындағы 900 орындық жаңа №78 мектеп-гимназиясының ашылуына қатысып, ұстаздар қауымы мен ата-аналарды құттықтады. Келешекте «Нұр-Ақтөбе» шағын ауданындағы үш ауысымды мектеп мәселелерін шешуге ықпалы тиетін екі қабатты еңселі ғимаратты уақытылы әрі сапалы тапсырғаны үшін «Интерстиль» ЖШС-нің басшылығына рахмет айтты.    
Одан соң, облыс әкімі Нокин ауылындағы күрделі жөндеуден өткен Мәдениет үйін аралап, ауыл тұрғындарымен кездесіп, ақсақалдардың ұсыныстарын тыңдады. Ауыл тұрғындары облыс әкіміне алғыстарын білдіріп, Мәдениет үйінің ауласына Абай бабамыздың 175 жылдығына орай ақын ескерткішін орнату жайлы ұсыныстарын білдірді.
Оңдасын Оразалин Темір жол вокзалы ауданындағы Ж.Кереев көшесінің бойындағы үйлердің қас беттері мен сыртындағы түнгі жарықтандырылу жұмыстарымен танысты.  Жұмыс сапарының соңында өңір басшысы Ақтөбе қаласының әкімі Асхат Шахаровқа және тиісті сала басшыларына жыл аяғына дейін басталған жұмыстардың мұқият әрі сапалы орындалуын қадағалауды тапсырды.