Ақтөбеде Қазанғаптың 165 жылдығы атап өтілді
18.10.2019 Мемлекеттік басқарма

ҚР Тұңғыш Президенті Н.Ә.Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: Рухани жаңғыру» бағдарламасының жалғасы «Ұлы даланың жеті қыры» мақаласын кеңінен насихаттау, «Ұлы мұра» халықаралық жобасын жүзеге асыру мақсатында Ақтөбе қаласының әкімдігі, Ақтөбе қаласының білім бөлімі, «Нұр Отан» партиясы АҚФ қолдауымен Қазанғап атындағы балалар өнер мектебі 2019 жылғы 18-қазанда «Нұр Отан» партиясының облыстық ғимаратында Ақтөбе қаласының 150 жылдығына,  композитор-күйші Қазанғап Тілепбергенұлының 165 жылдығына арналған «Фольклор және аспаптық музыка – тұрмыстық ахуалдың қазіргі замандағы көрінісі» атты халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференциясын өткізді.

Конференцияның мақсаты – әлем халықтарының музыкалық мәдениетін сақтау мен дамыту мәселелері, халық аспаптар музыкасының әртүрлі мектептерін зерттеу, қазақ музыкалық мұрасындағы композитор-күйші Қазанғап шығармашылығының алатын орны. Конференцияда ауызша-кәсіптік музыка шығармашылықтары туралы ғана емес, сонымен фольклорлық зерттеулер мен мұрағаттың беттерінде беймәлім болған  бұрынғы  музыкалық шығармашылықтың қайраткерлері туралы тарихи деректер айтылды.

Конференцияға танымал өнер зерттеушілері және Қазанғаптың домбырадағы орындаушылық мектебін зерттеуші, күйші Райымбергенов Абдулхамит,  Ерсайын Басықара, Еділ Басығараев, Нұрболат Жанаманов, Жайлау Асылханов, Мәскеу қаласының Гнесиндер атындағы РМА оқу жұмысы бойынша проректор, педагогика ғылымдарының докторы, профессор Александр Базиков, Ресей халық ұлт-аспаптар кафедрасының оқытушысы Ольга Васильева, композитор, Санкт-Петербург консерваториясының профессоры Владимир Конов, Өзбекстан мемлекеттік консерваториясының аға оқытушысы Калмурза Кубанов, өнертану ғылымдарының кандидаты, Қазақ ұлттық өнер университетінің профессоры Раушан Малдыбаева, Құрманғазы атындағы Қазақ Ұлттық консерваториясының өнертану ғылымдарының магистрі Нұргүл Жақыпбек   және тағы басқа да танымал өнер иелері, өнер зерттеушілері қатысты.                                                                    
Түстен кейін  Қазанғап атындағы балалар өнер мектебінің ғимаратында ҚР мәдениет қайраткері, «Көкіл» мектебінің директоры Абдулхамит Райымбергенов домбыра аспабында «Қазанғап және оның мұрагерлері» атты шебер-класын өткізді. Сонымен қатарлас «Қазақ және орыс халық аспаптарының ұқсастықтары мен орындаушылық ерекшеліктері» атты шебер-класын жетіген аспабында профессионалдық жетіген мектебін алғаш ашушы –Нұргүл Жақыпбек,  гусли аспабында Гнесиндер атындағы РМА ұлт-аспаптар кафедрасының оқытушысы Ольга Васильева, шертер аспабында – ҚР Мәдениет қайраткері, Құрманғазы атындағы Қазақ Ұлттық консерваториясының профессоры – Ерсайын Басықара, балалайка аспабында композитор, Санкт-Петербург консерваториясының профессоры – Владимир Конов өткізді.

Кешкісін Қалалық Мәдениет Үйінде  «Ән-күй – халық қазынасы» атты өнер-шеберлерінің гала-концертімен аяқталады. Концертте халықаралық байқаулардың лауреаттары түрлі аспапта ойнап, өз өнерлерін ортаға салады. Олар:  Райымбергенов Абдулхамит,  Ерсайын Басықара (Алматы қаласы), Еділ Басығараев, Ардақ Елеусіз (Нұр-Сұлтан қаласы), Нұрболат Жанаманов (Шалқар қаласы), Жайлау Асылханов (Ақтөбе қаласы),  Ольга Васильева (Мәскеу қаласы), Владимир Конов (Санкт-Петребург қаласы), Калмурза Курбанов (Ташкент қаласы), Нұргүл Жақыпбек және оның шәкірттері (Алматы қаласы).