Ақтөбеде қала әкімі саябақтағы абаттандыру және қайта құру жұмыстарына қатысты көшпелі брифинг өткізді

Ақтөбеде қала әкімі саябақтағы абаттандыру және қайта құру жұмыстарына қатысты көшпелі брифинг өткізді
15.05.2019 Жалпы

Ақтөбе қаласының әкімі Ілияс Испанов саябақтағы жасалып жатқан абаттандыру және қайта құру жұмыстарына қатысты көшпелі брифинг өткізді. Қала басшысы саябақтағы талдар, кейбір ақпарат құралдары жазғандай, түп-тамырымен қопарылып оталып жатқан жоқ, керісінше ескі ағаштар кесіліп, жаңартылып жатыр.

— Ақтөбе қаласында мердігер компаниялардың жұмысы мен тапсырыстарды тиісті деңгейде атқаруын қадағалау мақсатында белсенді азаматтардан тұратын арнайы топ құрылған болатын.

Оның құрамында 40-тан астам адам бар. Сол топ «Астана» саябағына келіп, осы жерде жасалып жатқан жұмыстарды қараған. Алайда, кейбір ақпарат құралдарына дұрыс ақпарат берілмеген, — дейді қала әкімі.

 «Орман шаруашылығы ғылыми зерттеу институты» филиалының директоры Мұрат Өтешқалиевтің айтуынша, саябақтағы талдарды кесу жан-жақты саралана отырып қабылданған шешім.  

— Қала көгалсыз қалады деген уайым уақытша ғана. Себебі бұл саябақтағы талдар өткен ғасырдың 50-60-шы жылдары отырғызылған. Ол кезде бұл жер қаланың шет жағы еді, сондықтан, қардан, желден, шаңнан қорғау үшін қарағаштар отырғызылған-ды. Ал қарағаш 50-60 жылда әбден тозады, шіриді, уақыты келгенде оны жаңарту қажет. Сондықтан, қалалық әкімдіктің бұл талдарды кесіп, жаңартып жатқаны өте дұрыс. Мен мұны кәсіби маман ретінде сенімді айта аламын. Бұл жылдам нәтиже беретін жұмыс емес, бұл жер әдемі баққа айналу үшін 3-4 жыл уақыт керек, — дейді М.Өтешқалиев.

Белсенді топ мүшелері осы саябақта мердігер «АқтөбеСпецСтройМонтаж» компаниясы шырша егу талаптарын сақтамай отырғандығын айтады. Ал аталған компанияның көгалдандыру жөніндегі кеңесшісі Д.Колтырев барлық талаптардың толықтай сақталып отырғандығын алға тартты.

Қала әкімі І.Испанов жұмыс дұрыс жүргізілмесе, оны тапсырыс беруші қабылдамайтынын ашық айтты.  

І.Испанов «Астана» саябағын абаттандыруға қатысты жүргізіліп жатқан жұмыстарға да тоқталды. Саябақ реконструкциясы жобасы 2016 жылы жасалып, 2017 жылы бекітілген. Бүгінде жобаға һәм қаржыландыруға қатысты түзетулер жасалған.

— Ең маңызды мәселе — саябақты көгалдандыру. Ол үшін суару жұмыстарын реттеу керек. Жоба бойынша мұнда су Сазды өзені арқылы Ақтөбе су қоймасынан тартылады. Бұл жоба бойынша тапсырыс беруші — ауылшаруашылығы минситрлігінің су ресурстары бойынша комитеті. Аталған жобаға қатысты жұмыстар қыркүйекте аяқталады. Қазір саябақта адамдардың демалысына ыңғайлы болу үшін шіріген талдар кесіліп, жаңартылып жатыр. Олардың орындарына жас өскіндер отырғызылады, — дейді қала әкімі.       

Жергілікті қазынадан шіріген талдарды санитарлық кесу үшін 30 млн. теңге қаражат бөлінген. Тал отырғызуға 60 млн, зиянкестерді қорғау үшін 65 млн теңге қаралған.

— Бұл қаражатты мердігер компаниялар мемлекеттік сатып алу, яғни, конкурс арқылы алады. Бір ерекшелігі — биыл тендерді ұтып алған компаниялар бұрынғыдай бір емес, үш жылға келісім жасайды. Яғни, ағаштарды өзі отырғызып, үш жыл бойына оны күтіп-баптауы тиіс, — деді қала әкімі.