Ақтөбеде ескерткіш ашылды
17.11.2020 Жалпы

Ақтөбеде Семей ядролық сынақ полигонынан зардап шеккен актөбелік ардагерлерге арналған ескерткіш ашылды.
Бұл шараға Ақтөбе облысы әкімінің орынбасары Руслан Хамбаров, Ақтөбе қаласы әкімінің орынбасары Азамат Бекет және Семей ядролық сынақ полигоны аймағында әскери қызметін қызметін өтеген ақтөбелік ардагерлер және оларды қолдап келген қала тұрғындары қатысты.
Көп жылдардан бері көтеріліп жүрген Семей ардагерлеріне ескерткіш қою туралы мәселе шешімін тапты. Болашақта ескерткіш  Семей ядролық сынақ полигонынан зардап шеккен актөбелік ардагерлердің бірігіп бас қосатын, салтанатты шараларды өткізетін, өмірден озған ардагерлерді еске алатын жеріне айналмақ.
1949 жылдан 1991 жылға дейін Семей ядролық полигонында 11 мыңнан астам ақтөбелік әскери міндеттерін атқарды. Ақтөбе облыстық қорғаныс істері жөніндегі департаментінің мәліметі бойынша, бүгінде облыста Семей ядролық полигонындағы ядролық сынақтарға қатысқан 1800-ден астам адам тұрады, олардың 268-і мүгедек, 40-ы ядролық сынақтарға қатысушылардың жесірлері.
Бүгінгі күні әлеуметтік қорғау мақсатында техникалық және көмекші сауықтыру құралдармен қамту, санаторлық-курорттық сауықтыруға жіберу, Жеңіс күні қарсаңында материалдық көмек көрсету, коммуналдық шығындарды өтеу, арнайы әлеуметтік және инватакси қызметтерін ұсыну сияқты кешенді шаралар жасалып келеді.  Жергілікті атқарушы органдардың шешімдеріне сәйкес жыл сайын ядролық сынақтарға қатысушыларға 100 мың теңге мөлшерінде біржолғы материалдық қаржылай көмек Жеңіс күні қарсанында беріліп жүр. Облыста осы санаттағы адамдарға әлеуметтік қолдау көрсету жұмыстары әрі қарай да өз жалғасын табатын болады.