Ақтөбеде Әбіш Кекілбаевтың шығармашылығы мен Бөкенбай Қараұлының тарихи тұлғасы ұлықталды

Ақтөбеде Әбіш Кекілбаевтың шығармашылығы мен Бөкенбай Қараұлының тарихи тұлғасы ұлықталды
01.02.2019 Жалпы

2019 жылы 1 ақпанда Ақтөбе қаласында «№72 ЖББО ІТ МЛ» КММ-де Ақтөбе қаласының 150 жылдық мерейтойына орай «Өткен мен бүгіннің арасы: ғибратты ғұмыр, ғұлама тұлға» (Әбіш Кекілбаевтың шығармашылығы мен Бөкенбай Қараұлының тарихи тұлғасы) тақырыбында ғылыми-зерттеушілік конференция өткізілді.

Конференция қатысушылары:Ақтөбе қаласы әкімдігі өкілдері, қалалық әкімдіктің құрылымдық бөлімшелері, ардагерлер, ЖОО-ның ғалымдары мен мұғалімдері, ақын-жазушылар мен тілшілер, мектеп мұғалімдері және оқушылары.

Қала әкімі Ілияс Испанов кіріспе сөзінде Әбіш Кекілбаев Қазақстанның заманауи  мәдениетінде ерекше орын алатынын атап,  оның жазушы ғана емес, мемлекеттің қалыптасуы мен нығаюына, халықтың бірлігін дамыту үшін көп нәрсе жасаған дарынды саяси қайраткер, үлкен жүрек иесі, кемел тұлға  екендігіне тоқталды. Оның мұрасын өскелең ұрпаққа  табыс ету-парызымыз екенін айтып,  балалардың осындай ұлы адамдарды үлгі тұтулары қажеттігін және жаңа мектеп Әбіш Кекілбаевтың құрметіне, оның есімімен аталғандығына зор құрметін білдірді.

Конференция екі кезеңнен тұрады: 1-ақпанда №72 жалпы білім беретін ІТ мектеп-лицейі базасында пленарлық мәжіліс өтті.

Осы күні түстен кейін мектептің жоғарғы буын оқушыларына арналған «Интеллект-экспресс ІТ алаңы» интеллектуалдық олимпиадасы, тарих, география пәні мұғалімдеріне «Мәңгілік ел» идеясы Әбіш көзімен» импровизациялық батл, қазақ тілі мен әдебиеті, орыс тілі мен әдебиеті пәні мұғалімдеріне «Терең сезімнің тұнбасы»(Ә. Кекілбаевтың шығармалары туралы ой-толғау) диалог алаңы өткізілді.
 Әбіш Кекілбаев туралы бейнефильмнің көрсетілімі көрерменге ұнады.

«Бір ел – бір кітап. 2019» республикалық акция аясында жасалған презентация, соның ішінде акция қорытындысы бойынша 2019 жыл таңдауы ретінде Әбіш Кекілбаевтың «Аңыздың ақыры» романы таңдалғаны жиналған көпшілік қауымның қызығушылығын туғызды.  
Конференция соңында қатысушылар жиынды қорытындылады.