Ақтөбеде «7-20-25» бағдарламасы аясында алғашқы жарна екі есеге азаймақ

Ақтөбеде «7-20-25» бағдарламасы аясында алғашқы жарна екі есеге азаймақ
14.09.2018 Мемлекеттік басқарма

Ақтөбе облысы «7-20-25» бағдарламасының аясында «Жас арман» және «Қамқор баспана» өнімдеріне қосылды. Бүгін Ақтөбе облысының әкімі Бердібек Сапарбаев пен «Баспана» Ипотекалық ұйымының басшысы Қайрат Алтынбеков тиісті меморандумға қол қойды.

Осылайша, жас отбасылар мен Ақтөбе облысының бюджеттік сала қызметкерлері «7-20-25» бағдарламасы бойынша пәтер  құнының  10 пайызын ғана төлеп, үй алу мүмкіндігіне ие болады.

Меморандумға сәйкес, Ақтөбе облысының әкімдігі аталған азаматтарға бастапқы жарнаның жартысын төлеуді өз мойнына алады  және осы мақсатқа 2 млрд. теңге бөледі.

«Ақтөбе облысының әкімі мен «Нұр Отан» партиясына бастапқы жарнаны азайту бойынша әлеуметтік бастамаларды қолдағаны үшін алғысымды білдіргім келеді. Облыс қарқынды дамып келеді және «7-20-25» бағдарламасына қатысушылардың саны бойынша көшбасшылардың бірі. Қазіргі уақытта біз «Нұр Отан» партиясымен бірлесе отырып, еліміздің басқа өңірлерінде де осы бастамаларды жүзеге асыру бойынша жұмыстар жүргізіп жатырмыз», - деді «Баспана» Ипотекалық ұйымының басшысы Қайрат Алтынбеков.

Естеріңізге сала кетейік, Ақтөбе «7-20-25» бағдарламасы бойынша  бастапқы жарнасы азайған екінші аймақ болып отыр. Бұған дейін Шымкент қаласында «Жас Арман» және «Қамқор Баспана» өнімдері пилот ретінде іске қосылған еді.