Ақтөбеде 400-ден астам адамды татуластырған медиатор семинар өткізді

Ақтөбеде 400-ден астам адамды татуластырған медиатор семинар өткізді
08.10.2019 Қоғам

«Қазақстан медиаторлар одағының» бас директоры Жанділдә Жакупов жергілікті медиаторларға шеберлік сабағын өткізді, деп хабарлайды қала әкімінің баспасөз қызметі.

8 қазанда Ақтөбе қ. Алматы ауданы әкімдігі №55 орта мектепте «Рухани жаңғыру – бабалар жолы» тақырыбында семинар ұйымдастырды. Мұнда басты қонақ болып «Қазақстан медиаторлар одағының» бас директоры Жанділдә Жакупов сөз сөйледі.

Семинарға қала әкімінің орынбасары Айгүл Арынғазиева, Ақтөбе қ. Алматы ауданы әкімі Әділкерей Әуелбаев және қалалық мәслихат хатшысы Сұлупан Шынтасова қатысты. Сондай-ақ, қалалық әкімдік бөлімдерінің мамандары, депутаттар, ардагерлер кеңесінің мүшелері, кәсіби медиаторлар, Ақтөбе қ. №3 сотының қызметкерлері және мектептерде медиацияға жауапты мұғалімдер болды.
 
Маманның сөзінше, медиацияның арқасында көптеген дау-дамайлар сотқа жетпей, өзара келісіммен шешіліп жатыр. Осылайша, былтыр 30 отбасылық жұп медиаторлардың қызметіне жүгініп, өзара мәмілеге келген.

«Медициямен айналысқаныма 8 жыл болды. Осы уақыттың ішінде 400-ден астам адамды татуластырдым. Жеке тәжірибемнен мысал келтірейін: бір кезде ұлттық компания мен жұмысшылар арасында дау-дамай орын алды. Бітімгерлік кездесуге компанияның барлық басшыларын, тіпті шетелдегі құрылтайшысын да шақырдық. Нәтижесінде, 5 күннің ішінде барлық тайталас шешілді. Медиация болмағанда, мәселе үлкен зардап әкелетін еді», - деді Жанділдә Жакупов.