Ақтөбе облысында «Бақытты отбасы» бағдарламасы бойынша алғашқы несиелер берілді

Ақтөбе облысында «Бақытты отбасы» бағдарламасы бойынша алғашқы несиелер берілді
27.07.2019 Мемлекеттік қызметтер

Ақтөбе облысы бойынша жеңілдетілген алғашқы несиеге мединцина саласында жұмыс жасайтын 3 ананың отбасысына берілді. Олар займды жылдық 2 пайыз мөлшерлемемен 19 жылға рәсімдеді.  Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі табысы төмен отбасыларды несиелендіру бағдарламасын іске қосты.

Аталған бағдарламаны жүзеге асыру мақсатында банктің есеп-шотына республикалық бюджеттен 50 млрд теңге аударылды. Бұл қаражат 2019 жылы алғашқы 6 000 қазақстандық отбасыға жалдамалы үйден өз пәтеріне көшіп баруға көмектеседі. Арнайы олар үшін Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі «Бақытты отбасы» бағдарламасының шарттарын жасау кезінде несие бойынша төлемнің жалдамалы пәтерге кететін төлем мөлшерімен шамалас болуын қамтамасыз етті. Бұған қоса, тұрғын үй құрылыс жинақ жүйесі уақыт өте келе займ бойынша төлемнің  төмендеуіне мүмкіндік беретіндіктен, отбасылық бюджетке түсетін ауыртпалық та азаятын болады. 

«Бақытты отбасы» бағдарламасына қатысу үшін отбасының әр мүшесіне келетін табыстың мөлшері 42 500 теңгеден аспауы керек (барлық салықтар мен зейнетақы жарналарын шегергенде). Мәселен, егер отбасы 5 адамнан тұратын болса, онда оның жалпы кірісі 212 500 теңгеден артық болмауы тиіс. Яғни, бұл бюджеттік жәрдемақы емес, жұмыс орнынан берілетін қаражат болуы керек. Бастапқы жарнаны өтеуге шамасы келмеген отбасыларға тек жаңа үйден пәтер сатып алу үшін жергілікті әкімдік тарапынан тұрғын үй сертификаттарын беру қарастырылған. Тұрғын үй сертификаттарын алушылардың тізімін мәслихат бекітетін болады.        

Жалпы Ақтөбе қаласында пәтер кезегінде 23 548 адам бар, олардың ішінде Көп балалы отбасы санаты бойынша 1 517 адам, Толық емес отбасы санаты бойынша – 5 958 адам, Мүгедек бала тәрбилеп отырған отбасы санаты бойынша 932 отбасы тіркелген.                    

Бүгінгі күнге дейін жергілікті әкімдіктің қызметкерлері жолдама алуға табысы төмен 1 400-дей отбасының өтінімін қабылдады. Олар енді осы жолдамамен Тұрғын үй құрылыс жинақ банкіне барып, жеңілдетілген несиені алу үшін несиелік өтінімді бере алады.                      

Бүгін дәл осы бағдарлама аясында Ақтөбе өңірі бойынша  2 көп балалы және 1 толық емес отбасыға «Нұрлы Жер» Мемлекеттік бағдарламасымен  Нұр Ақтөбе ықшам ауданында салынған жаңа пәтерлердің кілттері табысталды:    Ақтөбе медициналық орталықта медбике болып жұмыс істейтін Зәуре Елекешова 5 жыл бойы үй кезегінде тұрған. Айтуынша, «Бақытты отбасы» бағдарламасы өте тиімді.   

«Бақытты отбасы» бағдарламасына құжат қабылданып жатыр деген ақпаратты  Instagram әлеуметтік желісінен көрдім. Алатын жалақым 66 мың теңгені ғана құрайды. Өзім жалғызбасты анамын. 3 жыл бойы Тұрғын үй құрылыс жинақ банкіне 20-30 мың теңгеден салып тұрсам да, үй алу үшін алғашқы жарнаға жетпей тұрған сомманы «Қолғанат Ақтөбе» қоры толықтырып берді. Мен өте қуаныштымын», - дейді Зәуре Елекешова.   

Ал 4 баланы тәрбиелеп отырған Гүлшашқан Нағыметова 8 жыл бойы Тұрғын үй құрылыс жинақ банкіне 46 000 теңге шамасында қаражат салып отырған. Дегенмен бұл үйдің бастапқы жарна сомасына жетпеген. Сондықтан төлем қабілетін растаған азаматтарға жетпеген соманы толықтыру үшін әкімдік тарапынан сертификат табысталды.