АҚТӨБЕ ҚАЛАСЫНЫҢ ӘКІМІ МАВР АБДУЛЛИН ЖУРНАЛИСТЕРМЕН ҚАЛАНЫҢ ӨЗЕКТІ МӘСЕЛЕЛЕРІН ТАЛҚЫЛАДЫ

АҚТӨБЕ ҚАЛАСЫНЫҢ ӘКІМІ МАВР АБДУЛЛИН ЖУРНАЛИСТЕРМЕН ҚАЛАНЫҢ ӨЗЕКТІ МӘСЕЛЕЛЕРІН ТАЛҚЫЛАДЫ
08.11.2019 Жалпы

8 қараша күні Ақтөбе қаласының әкімі Мавр Абдуллин БАҚ өкілдеріне арналған көшпелі баспасөз мәслихатын өткізді. Қаланың дамуында ерекше орны бар 5 нысан журналистер назарына ұсынылды.

Біріншісі — 12-шағын аудандағы №51 мектептің алдында орташа жөндеуден өткен автомобиль жолы. Бұл аумақтың көше жолы көктемгі, күзгі жауын-шашындар кезінде лайланып, тұрғындар үшін қиындық туғызатын еді. Сол аумаққа мердігер компания «Ерхат Жолдары» ЖШС жиек тастар (бордюр) төсеп, асфальттады. Қазір тас төсеніш (брусчатка) салып жатыр және автотұрақ орнатылуда. «Жолы жөнделіп жатқан аумақтың ұзындығы 423 метр, кеңдігі 6 м -12,5 м, тротуар ені – 1,2 м – 2,0 м. Айта кету керек, мұндай көше жолдарын жөндеу жұмыстарын белгіленген кестеге сәйкес, қаланың барлық бөліктерінде жүргізу жоспарланды

Шаһар басшысы барған екінші нысан — Сәңкібай батыр даңғылы бойындағы 12-шағын ауданның айналма жолынан Ә.Молдағұлова даңғылына дейінгі автомобиль жолы. Бұл қаладағы көлік нөпірі ең көп жолдардың бірі 2009 жылы соңғы рет күрделі жөнделген, келесі жылы қайта жаңарту жоспары бар. Жобаның жалпы құны — 1,62 млрд теңге. Даңғыл бойының 3 384 метрі қайта жаңартылады. Айналма жолдан Ғ.Жұбанова көшесіне дейінгі бөлігі 4 жолақты, ал Ғ.Жұбанова көшесінен Ә.Молдағұлова даңғылына дейінгі бөлігі 6 жолақты етіп кеңейтіледі. 3 метрі жаяу адамдарға арналған жол, 1 метрі веложолақтар болады. Көшені LED жарықтандыру да осы жоба аясына еніп отыр.

— Қала жолдарының мәселесі өзекті екені белгілі. Оны кезең кезеңімен қалыпқа келтіруді жоспарлап отырмыз. Бүгінгі күні жолдарды реттеуге қатысты жоспар-жобаларымызды қоғам белсенділері арқылы қала тұрғындарының талқылауына ұсындық. Жалпы, қала бәрімізге ортақ. Өзін ақтөбелікпін деп санайтын нағыз отансүйгіш тұрғындарымызды қаланың тағдыры бейжай қалдырмайтыны анық. Оның жолдарын реттеу, сәулетті, көрікті ету, суағарларын, аялдамаларын, көшелерін қалыпқа келтіру, абаттандыру, тазалығын сақтау бәрімізге бірдей сын, — деді қала әкімі М.Абдуллин.

Бұдан соң, қала әкімі Мавр Абдуллин Батыс-2 шағын ауданындағы №64 мектепке барды. Жыл өткен сайын қала халқының санының артуымен жаңа шағын аудандар пайда болып жатқаны белгілі. Жаңа ауданның жаңа мектебіндегі бір проблема оның үш аусымдық болуында. Қазір қалада үш аусыммен оқытатын 8 мектеп бар. Ал орын тапшылығы мәселесін Батыс-2 ауданынан 1200 орындық және 600 орындық екі мектеп салу арқылы шешу қарастырылуда. Құрылысы басталған ғимараттар 2020 жылдың 1 қыркүйегінде пайдалануға беріледі. Бұл мектептер мемлекеттік тапсырыс негізінде жұмыс жасайтын болады.

Қаланың ең өзекті мәселелерінің бірі — апатты жағдайда тұрған ескі үйлер. Қазіргі уақытта шаһарда апатты деп танылған 17 көп пәтерлі тұрғын үй тіркелген. Шамамен ол үйлере 540 адам тұрып жатқандығы анықталды. Апаттық үйлердің мәселесі мемлекет пен жекеменшік серіктестігі шеңберінде шешу қаралуда. Жаңақоныс ауылында 250 пәтерлі көпқабатты 5 үй салуға мердігер мекеме «Жастар Құрылыс компаниясы» ЖШС қызығушылық танытып отырғаны осының бір дәлелі. Құрылысы сәтті аяқталғанда апатты деп танылған 17 үйдің тұрғындарын Жаңақоныстың «Сәттілік» тұрғын үй кешеніндегі жаңа баспаналарға көшіру жоспары бар. Қазіргі уақытта құрылыс компаниясы тұрғын үй құрылыс аумағын дайындап жатыр. Құрылысты жобалаушы - «Рудстрой ЛТД» ЖШС. 5 үйдің жалпы ауданы — 19,3 мың шаршы метр.

Көшпелі баспасөз мәслихатының соңында қала әкімі БАҚ өкілдерінің сұрақтарына жауап берді.