Ақтөбе қаласының әкімі аяулы қарттарды мерекелерімен құттықтады

Ақтөбе қаласының әкімі аяулы қарттарды мерекелерімен құттықтады
01.10.2019 Жалпы

Бүгін шаһар басшысы Мавр Абдуллин және қалалық мәслихат хатшысы Сұлупан Шынтасова Ақтөбенің дамуына үлес қосып, ерен еңбегімен ерекшеленген қарттардың үйлеріне барып, мерекелік сый жасады.

Ғасыр жасаған Жақыбай Бисенғалиева тыл еңбеккері. Ол 3 баланы дүниеге әкеліп, 3 немере, 6 шөбере сүйіп отыр. Биыл «Мерейлі отбасы» байқауына қатысып, қала деңгейінде бас жүлдені жеңіп алған болатын. Жеңіс күніне орай барлық мерекелік медальдарымен марапатталған.

Ұзақ жылдар бойы құқық қорғау органдарында қызмет атқарған Диденко Михаил Иванович биыл 93 жасқа келген. Ол соғыс жылдарында пулеметшілер тобының командирі болған. Беллоруссия, Литва, Шығыс Пруссияны азат етіп, Кенигсберг шайқасына қатысқан. «Қызыл жұлдыз, «Ұлы Отан соғысы», «Құрмет белгісі» ордендерімен, «Әскери еңбегі үшін», «Кенигсбергті алғаны үшін», «Беллоруссияны азат еткені үшін» медальдарымен марапатталған.

95 жастағы Тоқтабаев Ғизат Мұхтарұлы Совет Одағы әскерінің құрамында Ұлы Отан соғысында шайқасқан. "І дәрежелі Ұлы Отан соғысы», «Қызыл жұлдыз» ордендерімен, «Германияны жеңгені» үшін медалімен марапатталған. Соғыс ардагері 6 бала тәрбиелеп, 15 немере сүйіп отыр.

Шалқар қаласының тумасы 95 жастағы Нұсқабай Абдулла Бұзаубайлы соғыс жылдары Курск доғасы, Ленинград шайқастарына қатысып, Польша мен Чехословакияны азат етуде үлес қосқан. «Қызыл жұлдыз», «І-ІІ дәрежелі Ұлы Отан соғысы» ордендерімен, «Әскери еңбегі үшін» медалімен марапатталған. 1946 – 1990 жылдары қазақ тілі пәнінің мұғалімі болып жұмыс істеген. 10 бала тәрбиелеп, 25 немере, 15 шөбере сүйіп отыр.