Ақтөбе қаласында есептеу-кассалық орталықтың құрылысы басталады

Ақтөбе қаласында есептеу-кассалық орталықтың құрылысы басталады
01.08.2019 Жалпы

Бүгін қала әкімі Мавр Абдуллин ҚР Ұлттық банк өкілдерімен және шетел компанияларының сәулетшілерімен кездесті, деп хабарлайды қала әкімінің баспасөз қызметі.

Облыстық прокуратура маңында ҚР Ұлттық банк филиалының жаңа ғимараты салынады деген жоспар бар. Сондай-ақ, филиалдың қасында бүкіл Батыс Қазақстан өңірін қағаз ақшамен қамтамасыз ететін есепту-кассалық орталық болады. 

«Қаланың орналасуы, логистиканы ескеріп, Нұр-Сұлтан және Алматы қалаларынан кейін Ақтөбеде де үшінші есептеу-кассалық орталық ашу керек деп шешім қабылданды. Бұл кассалық орталық жақын орналасқан өңірлер, яғни 5-6 облыстарға қызмет көрсетеді деп жоспарлап отырмыз. Қолма-қол ақшамен есептесуді қайта зерттейміз. Алдымызда үлкен жұмыс тұр. Сондықтан Германия банкі, Еуропалық Одақтың халықаралық тәжірибесін пайдаланатын боламыз», - деді ҚР Ұлттық банкі қолма-қол ақша айныламы Департаментінің директоры Жомарт Қажымұратов. 

Кездесу барысында халықаралық сәулетшілер болашақ ғимараттың макетін таныстырып, жобаның ерекшелігін түсіндірді.

Өз кезегінде шаһар басшысы Мавр Абдуллин әріптестікке дайын екенін жеткізді. 

«Есептеу-кассалық орталық салынатын үш қаланың ішінде Ақтөбенің бар екеніне қуаныштымыз. Жергілікті атқарушы билік барынша қолдау көрсетуге дайын. Ең бастысы, құрылысты тезірек бастау қажет», - деді қала әкімі Мавр Абдуллин.