АЯЛДАМА ОРНАТҚАНДАРҒА ЖЕР ТЕЛІМІ 20 ЖЫЛҒА ЖАЛҒА БЕРІЛЕДІ
02.03.2020 Көлік

Ақтөбелік бизнес өкілдеріне абаттандырылған аялдамалар орнату ұсынылуда. Ал есесіне кәсіпкерлерге қоғамдық тамақтану, сауда-саттық сияқты кәсібін кеңейтуге мүмкіндік жасалатын жертелімі жалға беріледі.

Сауда павильондары бар аялдамалар орнатуға және қызмет көрсетуге арналған жертелімдерін жалға беру бойынша аукционды наурыз айына өткізу жоспарланып отыр. Бұл туралы қалалық жер қатынастары, сәулет және қала құрылысы бөлімі осыған дейін хабарлаған болатын.

— Қоғамдық көліктер көп тоқтайтын, жолаушылары көп аумақтарда жүзден астам жаңарған аялдама пайда болады. Қазіргілерінің орнында дизайны біркелкі, автобус күткен қала тұрғындары үшін қолайлы, жабық аялдамалар орнатылады. Павильондар жылы, электрондық маңдайшасы бар  және мүгедек жандар үшін қолайлы болуы керек. Техникалық ерекшегіліне сәйкес талаптар орындалған жағдайда, жертелімі 20 жылға жалға беріледі, — деді қалалық жер қатынастары, сәулет және қала құрылысы бөлімінің басшысы Әлібек Серікбаев.

Қалалық әкімдік қоғамдық көліктер аялдамаларының келбетінің бірыңғай болуына қатысты талап қойып отыр. Бұл жөнінде осыған дейін өткен қоғамдықтың даулар барысында айтылды.

Аялдамаларды жаңғырту үшін бюджеттен біртиын да  бөлінбейді. Жаңғырту жұмыстары конкурсқа қатысатын кәсіпкерлердің көмегімен жасалады.

Бүгінгі таңда облыс орталығында 700-ден астам аялдама орнатылды. Тағы да 300 аялдама керек. Конкурстың шарты бойынша, нысандарды орнату және жабдықтау жұмыстары биыл шілде айында аяқталуы тиіс.

— Бизнес иесі кәсібінің түрін кез келген сәтте өзгерте алады. Мәселен, кәсіпкер аялдаманы жаңғыртып, павильонға дәріхана ашты делік, егер, табыс түспеген жағдайда ол бизнес түрін өзгертіп, дүкен немесе қоғамдық тамақтану орны ете алады. Еңбастысы,  оның бұл әрекеті аялдамалардың ортақ сәулеттік келбетін бұзбауы және жалға беру шартында көрсетілген талаптарға қайшы келмеуі керек, — деп түсіндірді қалалық жер қатынастары, сәулет және қала құрылысы бөлімінің мамандары.

Конкурс туралы толық ақпаратты Ы.Алтынсарин көшесі, 2 мекенжайынан білуге болады. Байқаудың шарттары туралы ақпаратты келесі сілтеме арқылы оқи аласыз.